«KEDEN» және ЭПЖ ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылы жетілдірілді

«KEDEN» және ЭПЖ ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылы жетілдірілді

       Мемлекеттік кірістер комитеті Өнеркәсіп комитетімен бірлесіп «KEDEN» ақпараттық жүйесі мен «Электрондық паспорттар жүйесі» (ЭПЖ) ақпараттық жүйесі арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды жетілдіру жұмыстарын аяқтады.
     Аталған жұмыстар көлік құралының электрондық паспортын (КҚЭП) алу рәсімін жеңілдетуге және автокөлікті рәсімдеу кезінде азаматтар үшін қолайлылықты арттыруға бағытталған.
     Жетілдіру жұмыстарына азаматтардан келіп түскен өтініштер негіз болды. Атап айтқанда, электрондық паспорттар жүйесінде кейбір автокөліктердің кедендік рәсімдеуден өткені туралы мәліметтердің болмауы салдарынан, жекелеген жағдайларда КҚЭП рәсімдеу мерзімі ұзарып немесе қосымша жүгінуді талап еткен.
      Осы мәселені шешу мақсатында екі ведомствоның мамандары ақпараттық жүйелер арасындағы деректерді тексеру және алмасу алгоритмдерін жетілдірді. Нәтижесінде мәліметтерді неғұрлым нақты, тұрақты әрі жедел беру қамтамасыз етілді.
     Енді көлік құралы кедендік рәсімдеуден өткеннен кейін оны шығару туралы ақпарат «KEDEN» жүйесінен ЭПЖ жүйесіне автоматты түрде және іс жүзінде бірден жіберіледі.
     Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының аумағында кедендік рәсімдеуден өткен көлік құралдары туралы мәліметтердің болуын «KEDEN» ресми ақпараттық ресурсында тексеруге болады:
https://keden.kgd.gov.kz/?vinCustomsCheck=true
      Қабылданған шаралар деректерді өңдеу мерзімін қысқартуға, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және КҚЭП алу рәсімін азаматтар үшін барынша ыңғайлы әрі ашық етуге мүмкіндік береді.
      КҚЭП рәсімдеу барысында сұрақтар туындаған жағдайда, «ЭПЖ» ақпараттық жүйесінің техникалық қолдау қызметіне хабарласуға кеңес береміз. Байланыс деректері келесі сайтта орналастырылған:
https://pts.gov.kz/main.