
2026 жылғы 29-30 сәуір аралығында Ташкент қаласында Қазақстан делегациясы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов бастаған құрамда Халықаралық салық және инвестициялық орталық пен Өзбекстан Республикасы Салық комитеті бірлесіп ұйымдастырған «Жібек жолы» 18-ші жыл сайынғы Салық форумына қатысты.
Аталған форум дәстүрлі түрде салық саясатының заманауи тәсілдерін, салықтық әкімшілендірудің цифрлық трансформациясын талқылауға және өңір елдері арасында үздік тәжірибелермен алмасуға арналған негізгі халықаралық алаңдардың бірі болып табылады.
Жанама салықтар саясаты мен оларды әкімшілендіру мәселелеріне арналған үшінші сессия аясында салықтық әкімшілендіру департаменті директорының міндетін атқарушы Бектас Әділғалиев Қазақстанның қосылған құн салығы мен акциздерді әкімшілендіру саласындағы тәжірибесін таныстырды. Баяндама барысында Қазақстанда салықтық бақылаудың ашықтығын арттыру, процестерді автоматтандыру және бизнеспен өзара іс-қимылды жетілдіру үшін қолданылатын цифрлық шешімдер көрсетілді.
Қазақстан Республикасы салықтық ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысуды жалғастырып, «Салықтық Жібек жолы» аясында әріптестік байланыстарды нығайтып, ашық әрі орнықты салықтық ортаны қалыптастыруға өз үлесін қосуда.