Камералдық бақылау хабарламалары бойынша шығыс операцияларын тоқтату жағдайы туралы

Камералдық бақылау хабарламалары бойынша шығыс операцияларын тоқтату жағдайы туралы

 

Мемлекеттік кірістер комитеті жүргізіліп жатқан салықтық әкімшілендіруді цифрландыру шеңберінде камералдық бақылау процестерін толық автоматтандыру бойынша іс-шараларды іске асыруда.

Автоматтандыру камералдық бақылау хабарламаларымен жұмыс істеудің барлық кезеңдерін қамтиды, оның ішінде оларды қалыптастыру, орындалуын және орындалмауын бақылау, сондай-ақ тиісті салықтық шараларды қолдану. Аталған жұмыс адами факторды барынша азайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға және салықтық әкімшілендіру шараларын негізсіз қолдануға жол бермеуге бағытталған.

Сонымен қатар, автоматтандырудың жаңа әдістемесін енгізу барысында қате анықталды, соның нәтижесінде камералдық бақылаудың жекелеген хабарламалары бойынша банктік шоттардағы шығыс операциялары негізсіз тоқтатылған.

Бүгінгі күні аталған қате жойылды. Банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы бұрын қалыптастырылған өкімдерді кері қайтарып алу жұмыстары жүргізілуде, олардың бір бөлігі қазіргі уақытта кері қайтарылды. Жұмыстар 2026 жылғы 10 сәуірде аяқталады.

Мемлекеттік кірістер комитеті келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды және қазіргі уақытта жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлайды.