
2026 жылғы 1 сәуірде Сеул қаласында Корея Кеден қызметі ұйымдастырған «Жаһандық сауда экожүйесін жетілдіру» тақырыбындағы саудаға жәрдемдесу саясаты жөніндегі өңірлік семинар өтті.
Іс-шараға АСЕАН және Орталық Азия елдерінің кеден қызметтерінің басшылары мен өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы делегациясын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов басқарды.
Семинардың негізгі мақсаты халықаралық сауданы жеңілдетудің заманауи тәсілдерін, қағазсыз сауда үдерістерін дамыту және кедендік әкімшілендіруге цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін талқылау болды.
Бірінші сессия аясында қазақстандық тарап электрондық кедендік декларациялауды енгізу тәжірибесін таныстырды. Сондай-ақ цифрлық трансформация, электрондық сервистерді дамыту, кедендік рәсімдерді оңтайландыру және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Семинар қатысушылары өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, оның ішінде қағазсыз сауданы дамыту, тәуекелдерді басқару жүйесінде жасанды интеллект пен үлкен деректерді қолдану, сондай-ақ трансшекаралық электрондық сауданың өсуі жағдайында кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қазақстандық делегация шетелдік серіктестердің, оның ішінде Корея Республикасының озық тәжірибелерімен танысып, кеден саласындағы одан әрі практикалық ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Семинардың өткізілуі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және сауда рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған, сонымен қатар олардың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірлескен тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кеден саласында озық цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жұмысты жалғастырады.