Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тарап (үшінші тараптар) арасындағы бірыңғай кедендік транзит жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы Заң жобасы бойынша

Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тарап (үшінші тараптар) арасындағы бірыңғай кедендік транзит жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы Заң жобасы бойынша

Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) және үшінші тараптың бірыңғай кедендік транзит жүйесі туралы Келісімге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары 2024 жылғы 26 желтоқсанда қол қойды.

Ол Одақ пен үшінші тараптың бірыңғай кедендік транзит жүйесі жұмыс істеуінің негізгі қағидаттарын айқындайды және оны қолдану туралы Одақтың үшінші елдермен жекелеген халықаралық шарттарын жасасу үшін жағдайларды қамтиды.

Қазіргі уақытта Келісім ратификациялау рәсімінен өтуде. Келісім тұжырымдамасы Одақта кедендік транзит кедендік рәсімін қолданудың негізгі қолданыстағы тәсілдерін сақтауға және үшінші елдердің Одақтың транзиттік жүйесін пайдалану мүмкіндігіне негізделген.

Бұған мыналарды қолдану есебінен қол жеткізіледі:

- электрондық құжат түріндегі бірыңғай транзиттік декларация;

- кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы алымдарын төлеу жөніндегі міндеттерді орындаудың бірыңғай қамтамасыз етілуін пайдалану;

- Одаққа мүше мемлекеттердің және үшінші тараптың уәкілетті экономикалық операторларына берілетін жекелеген арнайы оңайлатуларды қолдану;

- Одақтың кедендік аумағы және үшінші тараптың кедендік аумағы бойынша кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын (тасылатын) тауарлардың бүкіл жүру жолында олардың тасымалдануын қадағалап отыру үшін навигациялық пломбаларды қолдану;

- кеден органдары қабылдаған шешімдерді және кедендік бақылау жүргізу нәтижелерін өзара тану.

Келісім нормаларын іс жүзінде іске асыру «көлеңкелі» тауар айналымына тиімді қарсы тұруға, бақылаушы қызметтердің іс-қимылдарын азайту, сондай-ақ бизнестің үстеме шығыстарын қысқарту арқылы тасымалдау рәсімін оңайлатуға және оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Одаққа мүше екі және одан да көп мемлекеттің аумақтары бойынша тасымалдауды жүзеге асыру барысында кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға қатысты кедендік операцияларды жүргізу кезінде кеден органдары арасында заңды маңызы бар ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін тетік құрылды.

Ақпараттық алмасу шеңберінде Одақ құқығына сәйкес кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға қатысты жүргізілген барлық кедендік операциялар туралы ақпаратты беру мүмкіндігі қамтамасыз етілген.

Бұдан бөлек, тауарларды тасымалдау кезінде оларды қадағалау бойынша ортақ процестерді іске асыру шеңберінде бақылаушы органдар, жүк жөнелтуші және жүк алушы көлік құралдарының жөнелтілген елден межелі елге дейін қозғалысы туралы ақпаратты ала алады.