
2026 жылғы 5 наурызда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында (бұдан әрі – «Атамекен» ҰКП), «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің, ҚР ҰЭМ департаментінің директоры Нұрлыбек Шаймаханов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметовтің сондай-ақ Комитеттің бейінді құрылымдық бөлімшелерінің басшыларының, қатысуымен семинар өтті.
Іс-шара бейнеконференция форматында ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірлерінен 300-ден астам кәсіпкерді біріктірді.
Кездесудің негізгі тақырыбы микро және шағын бизнес субъектілері үшін енгізілген «Таза парақ» арнайы тетігін түсіндіру болды.
Семинар барысында МКД өкілдері аталған тетіктің мақсаттары мен қолдану тәртібі туралы жан-жақты баяндады. «Таза парақ» тетігі салықтық өзгерістер кезеңінде макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және бизнесті қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдаған шаралар кешенінің бір бөлігі екені атап өтілді.
Кәсіпкерлерге тетіктің қалай жұмыс істейтіні және шағын бизнес субъектілеріне қандай мүмкіндіктер беретіндігі көрнекі түрде көрсетілген түсіндіру бейнематериалы ұсынылды.
МКД өкілдері атап өткендей, іске асырылып жатқан шаралар кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Кәсіпкерлерге жаңартылған Салық кодексінде көзделген салықтық әкімшілендірудің жаңа ережелеріне бейімделу оңайырақ болады, ал өткен кезеңдердегі міндеттемелерге байланысты әкімшілік жүктеме азаяды.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасындағы ашық диалогтың маңыздылығын атап өтіп, сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.