Электрондық сауда тауарлары туралы: интернет-сатып алуларды кедендік әкімшілендірудің жаңа тәсілдері

Электрондық сауда тауарлары туралы: интернет-сатып алуларды кедендік әкімшілендірудің жаңа тәсілдері

       Шетелдік маркетплейстерден жеке тұлғалар сатып алатын және халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы немесе тасымалдаушы арқылы жеткізілетін интернет-сатып алуларға қатысты бірқатар өзгерістер енгізіледі.

     Не өзгереді:

     Мұндай тауарлар бұдан былай «жеке пайдалануға арналған тауарлар» деп аталмайды, олар «электрондық сауда тауарлары» деген жеке санатқа бөлінеді.

      Бұл тауарлардың барлығы жаңа декларация түрін – «электрондық сауда тауарларына арналған декларацияны» ұсыну арқылы міндетті түрде кедендік декларациялауға жатады.

      Алайда сатып алушыларға бұл декларацияны өз бетінше толтырып, тапсырудың қажеті жоқ – кедендік декларациялау процесінің барлығын олардың атынан «электрондық сауда операторлары» жүзеге асырады. Яғни, бұрынғыдай жеке тұлға не сәлемдемені беру пунктінен өзі алып кетеді, не оған жеткізіп береді.

     Негізінен өзгерістер құны бажсыз әкелу шегінен асатын тауарларды сатып алатын тұлғаларға қатысты болады. Қазіргі уақытта олар 200 еуро (қазіргі таңда шамамен 120 000 теңге) құндық лимитінен асатын бөлігіне 15% мөлшерінде кедендік төлемдер, біріңғай мөлшерлеме бойынша салықтар төлейді немесе сәлемдеме салмағы 31 кг-нан асқан жағдайда кемінде 1 кг үшін 2 еуродан төлейді.

      Кеден заңнамасына енгізілген түзетулер күшіне енген кезде кедендік баж мөлшерлемесі өзгеше болады – егер сатып алынатын тауар бажсыз әкелудің құндық шегінен асса, тауардың толық құнының 5%-ы мөлшерінде алынады, бұл ретте мынадай шарт бар – 1 кг үшін кемінде 1 еуро. Яғни төленуге тиіс сома тауардың құнынан немесе салмағынан есептелген төлемдердің ішіндегі ең жоғарысы болады. Сонымен қатар, 16% мөлшерінде ҚҚС төленуге жатады..

      Айта кетеміз, құндық шегі бұрынғы деңгейде – 200 еуро мөлшерінде сақталады, ал салмақтық шек жойылады. Осылайша, егер сәлемдеменің құны 200 еуродан аспаса, жеке тұлғалар бұрынғыдай ештеңе төлемейді.

      Аталған кедендік операциялардың барлығын «электрондық сауда операторлары» жүзеге асырады – бұл тауарларды жеткізуге, сақтауға, кедендік декларациялауға және беруге жауапты осы қызмет нарығының кәсіби қатысушылары.

      Электрондық сауда операторлары үшін кеден заңнамасына жаңа тарау енгізіледі, онда мұндай операторларды тізілімге енгізу шарттары, олардың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі, сондай-ақ олардың қызметін тоқтата тұру және тізілімнен шығару тәртібі айқындалады.

      Жоғарыда көрсетілген, Мемлекет басшысы қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексіне енгізілген түзетулермен ИПС «Әділет» жүйесінде мына сілтеме арқылы танысуға болады: http://adilet.zan.kz/rus/docs/U2300000412. Аталған түзетулер, ұлттық заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия қабылдайтын тиісті нормативтік құқықтық актілер ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттама ратификацияланғаннан кейін күшіне енеді. Қазіргі уақытта Хаттаманы Ресей Федерациясынан басқа ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттер ратификациялады.