
Астанада Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) және Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) қолдауымен тауарларды шығару уақытын зерттеу (ТШУЗ) бойынша өңірлік оқыту іс-шарасы өтуде.
Іс-шараға Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кеден қызметтерінің өкілдері қатысуда. Оқыту кедендік рәсімдердің нәтижелілігін сандық бағалаудың және олардың ашықтығын арттырудың тиімді құралы ретінде уақыты бойынша зерттеу әдіснамасын тәжірибеде қолдануға бағытталған.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Төраға орынбасары Слямов Бакытжан Оразгалиевич құттықтау сөз сөйледі. Ол ДКҰ және JICA ұйымдарымен әріптестіктің маңыздылығын атап өтіп, сондай-ақ Дүниежүзілік кеден ұйымының басшысы елге жуырдағы сапары барысында Қазақстанның кеден жүйесіндегі реформаларға жоғары баға бергенін жеткізді.
«Тауарларды шығару уақыты бойынша зерттеу — бұл жай ғана талдамалық құрал емес. Бұл кедендік рәсімдердегі таршылықты анықтауға, операциялардың ашықтығын арттыруға және жүктердің шекара арқылы өту мерзімін қысқартуға мүмкіндік беретін тиімді тетік», — деп атап өтті Бақытжан Слямов.
Оқыту аясында қатысушылар зерттеуді жүргізу кезеңдерін, кедендік операциялардан өту уақыты бойынша деректерді жинау және талдау әдістерін жан-жақты зерделеп, сондай-ақ тауарларды шығару жылдамдығына әсер ететін факторларды айқындау мақсатында ұлттық тәжірибемен алмасуда.
Қазақстан уақыты бойынша зерттеу әдіснамасын кедендік әкімшілендіру практикасына жүйелі түрде енгізуде. Алынған нәтижелер рәсімдерді оңтайландыруға, электрондық сервистерді дамытуға және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен, сондай-ақ көршілес мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылды жетілдіруге пайдаланылуда.
Әдіснаманы ұлттық және өңірлік деңгейде келісілген түрде қолдану көлік-логистикалық дәліздерді нығайтуға, жеткізілімдердің болжамдылығын арттыруға және Орталық Азия мен Кавказ бағыттарының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
Оқыту қорытындылары тауарларды шығару уақытын қысқарту, сауданы дамыту және өңірлік ынтымақтастықты тереңдету бойынша бірлескен шараларды одан әрі үйлестіруге негіз болады.