МКК Корея Республикасының Ұлттық салық қызметімен практикалық өзара іс-қимылды кеңейту мәселесін талқылады

МКК Корея Республикасының Ұлттық салық қызметімен практикалық өзара іс-қимылды кеңейту мәселесін талқылады

        2026 жылғы 13 қаңтар, Сэджон қ. (Корея Республикасы) – ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Корея Республикасындағы өкілі Бибарыс Шапетов Корея Республикасының Ұлттық салық қызметінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Мин Ходжун мырзамен кездесу өткізді.

       Кездесу барысында салық саласындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттары, оның ішінде жұмыс байланыстарын дамыту, өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ақпарат алмасу және ынтымақтастықтың қолданбалы форматтарын айқындау мәселелері қаралды. Қазақстан тарапы ҚР ҚМ МКК-нің кореялық әріптестермен диалогты жандандыруға және олардың тәжірибесін, соның ішінде салықтық әкімшілендірудің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған тәсілдерін зерделеуге мүдделі екенін атап өтті.

       Кореяның Ұлттық салық қызметі өңірдегі цифрлық салықтық әкімшілендірудің ең озық тәсілдерінің біріне ие: электрондық сервистерді дамыту, рәсімдерді автоматтандыру және талдамалық құралдарды қолдану. Осыған байланысты тараптар салықтық әкімшілендіру тиімділігін арттыруға және салық төлеушілерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған заманауи технологиялар мен басқарушылық шешімдерді енгізу бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін, соның ішінде деректерді талдау және бақылауда тәуекелге бағдарланған тәсілдерді қолдануды талқылады.

     Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ҚР ҚМ МКК басшылығы мен Корея Республикасының Ұлттық салық қызметі басшылығы арасында екіжақты кездесуді ұйымдастыру мәселесін пысықтауға келісті. Мұндай кездесу жақын кезеңге арналған нақты басымдықтарды айқындауға, тұрақты консультациялар тетіктерін келісуге және ынтымақтастыққа неғұрлым қолданбалы сипат беруге мүмкіндік береді деп күтілуде.

     Сонымен қатар, тараптар салықтық әкімшілендіруді цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумды дайындау және қол қою мүмкіндігін қарастыруға мүдделілік танытты. Мүмкін болатын бағыттар ретінде электрондық сервистер мен интеграцияланған платформаларды дамыту бойынша тәжірибе алмасу, электрондық шот-фактуралар және тауарларды қадағалау (прослеживаемость) шешімдерін енгізу, тәуекелдерді басқару үшін деректер талдамасын қолдану, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік және деректерді қорғау мәселелері белгіленді.

     Сондай-ақ тараптардың бейінді бөлімшелерінің қатысуымен бірлескен сараптамалық консультациялар мен тақырыптық іс-шаралар өткізу перспективалары талқыланды.

     Тараптар байланыстарды жалғастыруға және ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша нақты ұсыныстарды пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.