Ақшалай есеп айырысу кезінде төлемдерді фискалдау

Ақшалай есеп айырысу кезінде төлемдерді фискалдау

Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру мен сервистік моделін дамыту шеңберінде 2025 жылы МКК түбіртек деректерін фискализациялауға және бизнесті жүргізуді жеңілдетуге бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді іске асырды.

Бүгінгі таңда кәсіпкерлер 1 182,3 мың бақылау-касса машиналарын (БКМ) пайдаланады, оның ішінде 96% немесе 1 139,1 мың онлайн БКМ.

Сондай-ақ «Е-salyq Business» мобильдік қосымшасы арқылы шамамен 250 мың кәсіпкерлер, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар 150 мың түбіртек шығарады.

Сонымен қатар, МКК БКМ мемлекеттік тізімін БКМ модельдерін мемлекеттік тізімге енгізу жолымен жүргізеді. Мемлекеттік тізімге 174 БКМ моделі енгізілген.

Онлайн БКМ-на толық көшу мақсатында 2025 жылы талаптарға сәйкес келмейтін онлайн емес БКМ-ның 100-ден астам түрін мемлекеттік тізілімнен шығару бойынша жұмыс жүргізілді.

БКМ тіркеу рәсімі, түбіртек мазмұны «Бақылау-касса машиналарын қолдануға байланысты кейбір мәселелер туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 24 қазандағы № 626 бұйрығымен реттеледі.

Қағидаларда МКК-де БКМ-нан деректерді жедел алу мақсатында ең алдымен Фискалдық деректер операторына (ФДО) қойылатын талаптар өзгертілді.

ФДО алынған сәттен бастап 15 минуттан кешіктірмей БКМ түбіртектерін МКК-не жедел режимде беруге, БКМ-ның нақты орналасқан жерін айқындайтын геолокацияны көрсетуге, сондай-ақ порталда түрлі сервистерді әзірлеуге міндетті:

  • ұлттық өнім каталогы (ҰӨК) қосылу бойынша,
  • БКМ геолокациясын көрсету бойынша,
  • БКМ түбіртектерін қабылдау және оларды МКК-не беру бойынша күнделікті мониторинг жүргізу бойынша.

Сондай-ақ МКК БКМ қолдану тәртібіне өзгерістер енгізді.

Деректерді беру хаттамасы 2.0.3 нұсқасына дейін жаңартылды, түбіртекте ҰӨК-на сәйкес тауар атауын міндетті түрде көрсетуін, сондай-ақ БКМ геолокациясы деректерін көрсетуін көздейді (жаңа хаттамаға белсенді БКМ-ның 85%-ы көшті).

БКМ түбіртек мазмұнына да өзгерістер енгізілді, БКМ түбіртегі мыналарды қамтуы тиіс:

  • ҰӨК-на сәйкес тауардың, жұмыстың, қызметтің атауы,
  • ҰӨК-на сәйкес тауардың сәйкестендіру коды және таңбалауға жататын тауарларға салынған сәйкестендіру құралы.

 

Техникалық талаптарға сәйкес БКМ-ын ҰӨК-на автоматты түрде қосу қызметі іске асырылған.

Қазіргі уақытта шағын бизнестін субъектілері үшін түбіртектегі тауар атауларын көрсету процедурасы ҰӨК енгізу арқылы жеңілдетілген.

БКМ қолданған кезде тауар штрих-кодын сканерлеу жеткілікті, тауар атаулары ҰӨК-нын дерекқорында енгізілген және ФДО қызметтерінде сақталады.

Сонымен қатар, техникалық талаптарға сәйкес келмейтін БКМ модельдері мемлекеттік БКМ тізілімінен шығарылатын болады.

Қазіргі уақытта барлық POS-терминалдарды БКМ-мен теңестіру мәселесі қарастырылып, «Онлайн-БКМ мен POS-терминалдарды біріктіру бойынша іс-шаралар жоспары» бекітілген.

Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, БКМ функциясын POS-терминалдармен біріктіру және ҰӨК штрих-кодтары мен таңбаланған тауарларды сканерлеуге арналған сканермен интеграциялау жұмыстары жүргізілген.

Осылайша, БКМ және POS-терминал модельдерінде біріктірілген функциямен жұмыс істеу мүмкіндігі бар және төлем туралы ақпаратты бір БКМ түбіртегінде басып шығару жүзеге асырылады.

- «Kaspi Bank» АҚ – БКМ-мен біріктірілген 400 мыңнан астам POS-терминал жұмыс істейді.

- «Халық Банк» АҚ – 7 мың БКМ re:Kassa (ЖШС «Comrun»).

- «Фридом Банк» АҚ – POS-терминалдарды e-Kassa (АҚ «Қазақтелеком») БКМ-мен интеграциялауды аяқтауда.

- «Банк ЦентрКредит» АҚ – POS-терминалдармен интеграциялау үшін өз БКМ-сын әзірлеуді жүзеге асыруда.

Сонымен қатар БКМ қолдану кезіндегі шығындарды азайту мақсатында МКК БКМ түбіртегін тікелей өтеусіз негізде беру бойынша Пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлауда..

2025 жыл Қазақстанда фискалдық өзгерістердің маңызды жылы болды – ел деректер алмасу хаттамаларын жаңартты, кассалық техниканы қолдану нормативтерін ретке келтірді, фискалдық түбіртектерді алуды ынталандыратын шараларды енгізді және бизнес-сервистердің цифрлық интеграциясын жалғастырды.

Өзгерістердің басым бөлігі операциялардың ашықтығын арттыруға, салықтық есепті автоматтандыруға және болашақ цифрлық салық жүйесінің негізі ретінде фискалдық деректердің сапасын жақсартуға бағытталған.

Өз кезегінде, БКМ түбіртектерін беруді және деректерді МКК-не беруді ынталандыру шеңберінде 2025 жылдан бастап 11 облыстың 47 ауданында: ШҚО, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, БҚО, СҚО және Жетісу облыстарында «Salyk cashback» акциясы өткізілуде, онда қатысушы, жеке тұлға, сатып алынған тауарларға жұмсалған соманың бір бөлігін бонус ретінде ала алады.

Осы акциялар шеңберінде ақшалай және өзге де құнды жүлделер ұтып алу мүмкіндігі бар.

Қазірдің өзінде қатысушылар смартфондар, сертификаттар және 81 млн теңге көлемінде құнды жүлделер алды.