Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік шекарада электрондық кезек жүйесін енгізуді кеңейтуде

Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік шекарада электрондық кезек жүйесін енгізуді кеңейтуде

       Мемлекеттік кірістер комитеті автомобиль өткізу пункттерінде шекарадан өтуді жеделдетуге және тасымалдаушылар үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған цифрлық технологияларды енгізу бойынша ауқымды жұмысты жалғастыруда.

       Мемлекеттік шекараның бүкіл периметрі бойынша  «CarGoRuqsat» — электрондық кезек жүйесі кезең-кезеңмен енгізілуде, ол негізгі бағыттарда тұрақты әрі оң нәтижелер көрсетуде.

       Қазіргі уақытта электрондық кезек Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей Федерациясы және Қырғыз Республикасымен шекарадағы өткізу пункттерінде жұмыс істейді.

       Кезекті цифрлық брондау тасымалдаушылардың шекараны кесіп өту уақытын алдын ала жоспарлауына мүмкіндік береді, кептелістердің туындау ықтималдығын төмендетеді және рәсімдердің неғұрлым ашық болуын қамтамасыз етеді.

      Жүйе мемлекеттік органдардың 18 ақпараттық ресурстарымен интеграцияланған, соның нәтижесінде тасымалдаушылар өткізу пунктіне келгенге дейін ықтимал айыппұлдар, берешектер және рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу қажеттілігі туралы мәліметтер алады, бұл шекарадағы бос тұрып қалу уақытын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

      Сервис енгізілген сәттен бастап ЕАЭО елдерімен шекарадағы 34 өткізу пунктінде электрондық кезекті 840 мыңнан астам жүк автокөлігі пайдаланды.

      Бұл сервиске деген жоғары сұранысты және оның көлік ағындарын реттеудегі тиімділігін көрсетеді.

      Жақын арада жобаның географиясы кеңейтіледі:

       2026 жылғы 30 қаңтарда «Кеген» өткізу пунктінде (Алматы облысы) және 2026 жылғы 16 ақпанда «Қордай» өткізу пунктінде (Жамбыл облысы) «CarGoRuqsat» іске қосу жоспарлануда.

       Электрондық кезекті брондау үшін тасымалдаушылар өткізу пунктін, өту күнін мен уақытын, сондай-ақ жүргізуші мен көлік құралы туралы мәліметтерді көрсете отырып, «CarGoRuqsat» мобильді қосымшасын немесе веб-нұсқасын пайдалана алады.

       Мемлекеттік кірістер комитеті күту уақытын қысқарту және жүк автокөліктерінің біркелкі және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін электрондық кезекті алдын ала рәсімдеуді ұсынады.

      Барлық сұрақтар бойынша Мемлекеттік кірістер комитетінің call-орталығына 1414 және 8-800-080-7777 телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады.