
2026 жылғы 5 қаңтарда, Инчхон қ. (Корея Республикасы) – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Корея Республикасындағы өкілі Бибарыс Шапетов Инчхон әуежайы кеденінің директоры Пак Хон мырзамен жұмыс кездесуіне қатысты.
Инчхон халықаралық әуежайы Корея Республикасының ең ірі әуе қақпасы әрі Азиядағы негізгі авиациялық тораптардың бірі болып табылады. 2025 жылы жолаушылар ағыны 74 071 475 адамды (тәулігіне орта есеппен 202 935 адам) құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға көп.
Кездесу барысында тараптар жолаушылар ағыны жоғары жағдайында кедендік бақылаудың өзекті мәселелерін, оның ішінде рәсімдердің тиімділігін арттыру, тәуекелге негізделген бақылауды қолдану, сондай-ақ кедендік операцияларды жеделдету және жеңілдету үшін цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды пайдалану мәселелерін талқылады.
Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл тақырыбына ерекше назар аударылды. Пак мырза әуежай кеденінің негізгі басымдықтарының бірі – есірткі заттарын елге кіргізу әрекеттерінің жолын кесу екенін атап өтті. Осы орайда ол 2025 жылғы қаңтар–қыркүйек айлары аралығында Инчхон әуежайында есірткі әкелуге әрекет жасауға байланысты 303 жағдай анықталғанын айтты.
Сапар аясында ҚР ҚМ МКК өкілі жолаушылар терминалындағы кеден бөлімшелерінің жұмысын, соның ішінде халықаралық келу және кету аймақтарындағы бақылаудың жалпы логикасын, сондай-ақ адал жолаушылар үшін қолайлылық пен қауіпсіздік талаптары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған тәжірибелерді танысып шықты.