
2026 жылғы 12 қаңтар, Тэджон қ. (Корея Республикасы) – ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Корея Республикасындағы өкілі Бибарыс Шапетов Корея Республикасының Кеден қызметінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі департамент директорының м.а. Наэ Лимен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында тараптар кедендік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылады. Бибарыс Шапетов ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Корея Республикасының Кеден қызметімен ынтымақтастықты тереңдетуге және Кореяда қолданылатын озық тәжірибені зерделеуге мүдделі екенін атап өтті.
Корея Республикасының Кеден қызметі цифрландыру бағытында әлемдегі жетекші кеден әкімшіліктерінің бірі ретінде кеңінен танылады, ал оның тәжірибесі халықаралық алаңдарда, оның ішінде Дүниежүзілік кеден ұйымы аясында жоғары бағаланады. Осыған байланысты тараптар қауіпсіздіктің жоғары деңгейін сақтай отырып, кедендік рәсімдерді жеделдету және жеңілдетуге бағытталған заманауи технологияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін, оның ішінде цифрлық шешімдерді, деректер талдауын және тәуекелдерді басқару мен кедендік бақылау жүйесінде жасанды интеллект элементтерін қолдануды талқылады.
Тараптар сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы кедендік ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен комитет отырыстарын қайта жандандыруға және кезекті отырысты 2026 жылы өткізуге уағдаласты. Бірлескен комитет жұмысына орта және ұзақ мерзімді перспективаға арналған келісілген басымдықтарды, жобалық бастамаларды және өзара іс-қимыл жоспарларын қалыптастыру арқылы неғұрлым практикалық бағдар берудің маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар, тараптар екі елдің уәкілетті экономикалық операторлары институттарын өзара тану бойынша жұмысты қайта жандандыру ниетін растады. Бастапқы қадамдар ретінде ұлттық талаптар мен рәсімдер туралы ақпарат алмасу, сәйкестікті бағалау және тәуекелдерді басқару тәсілдерін салыстыру, сондай-ақ аталған мәселені алдағы Бірлескен комитет отырысының күн тәртібіне енгізу үшін ұсыныстар әзірлеу айқындалды.
Тараптар одан әрі ынтымақтастық бағыттары бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді қоса алғанда, диалогты жалғастыруға және жұмыс байланыстарын дамытуға мүдделілік танытты.