Электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша салыстырып бақылау мәселелері жөніндегі мемлекеттік кірістер органы шешімдерінің нысандарын бекіту туралы

Электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша салыстырып бақылау мәселелері жөніндегі мемлекеттік кірістер органы шешімдерінің нысандарын бекіту туралы

       Мемлекеттік кірістер комитеті Салық кодексін іске асыру, сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді жаңғырту шеңберінде салық әкімшілендіру жүйесінің ашықтығы мен болжамдылығын арттыру мақсатында электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша салыстырып бақылау жүргізу кезінде мемлекеттік кірістер органдары қолданатын шешімдердің стандартты нысандарын әзірледі.

       Аталған нысандар Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 6 қазандағы № 573 бұйрығымен «Электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша салыстырып бақылау мәселелері жөніндегі мемлекеттік кірістер органы шешімдерінің нысандарын бекіту туралы» бекітілді. Құжат 2025 жылғы 8 қазанда Әділет министрлігінде № 37084 тіркеліп, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Біріздендірілген шешім нысандарын енгізу қосарлы түсіндіру тәуекелдерін төмендетуге және салық төлеушілер мен салық органдары арасындағы коммуникацияны жеңілдетуге ықпал етеді.

     Бизнес үшін негізгі тиімділіктер:

  • Болжамдылық — бірыңғай шешім нысаны түсінбеушіліктерді жояды және коммуникацияны жеңілдетеді.
  • Ашықтық — кәсіпкерлер салыстырып бақылау бойынша шешімдердің негіздері мен мазмұнын нақты түсінеді.
  • Процестерді жеделдету — стандарттау бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды жылдамдатады.