Кедендік бақылаудың ашықтығы

Кедендік бақылаудың ашықтығы

2025 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан делегациясы Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевтің басшылығымен Санкт-Петербургте өткен Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден қызметтері бірлескен алқасының 52-ші отырысына қатысты. Отырыстың жұмысына Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей кеден қызметтерінің басшылары да қатысты.

 

Кездесудің негізгі тақырыбы Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедендік әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру. Тараптар рәсімдердің ашықтығын арттыру, транзиттік тауарларды бақылауды күшейту және тәуекелдерді басқару жүйесін дамыту мәселелерін талқылады. Елдер арасындағы өзара іс-қимылды тиімді ету және жұмыс топтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды.

 

Қазақстандық тарап ЕАЭО кеден қызметтері арасындағы мәліметтер алмасуды жақсартудың маңыздылығын атап өтті. Сенімді әрі жедел ақпарат алмасу — тауарларды дұрыс декларациялау және кедендік төлемдерді дұрыс есептеу үшін негізгі фактор.

 

Осы тақырыптың жалғасы ретінде Қазақстанның қатысушы елдердің кеден қызметтерімен екіжақты кездесулері өтті. Онда тараптар бақылауды күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстармен бөлісіп, алдағы бірлескен жұмыстың негізгі басымдықтарын белгіледі.

 

Сонымен қатар Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ресейдің Федералдық кеден қызметі екі ел арасында тауарлардың заңсыз тасымалын болдырмау мақсатында бірлескен Жұмыс тобын құрғаны жеке атап өтілді. Осы топтың іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар кедендік рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, транзитпен өтетін тауарларға бақылауды күшейтуге, заңсыз импорттың алдын алуға және осы бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

 

Жоспарды іске асыру шеңберінде Тараптар кеден заңнамасының анықталған бұзушылықтары туралы — дұрыс емес декларациялау, оның ішінде транзит кезінде жүктің құнын төмендету және жеткізбеу фактілерін, сондай-ақ күмән тудыратын тауарларды алушылар туралы деректерді қоса алғанда, ақпаратпен алмасатын болады.

ЕАЭО Кеден қызметтері бірлескен алқасының келесі отырысы 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.