
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті ЕЭК Кедендік реттеу жөніндегі консультативтік комитет жанындағы жұмыс тобының екінші отырысына (Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Қазақстан өкілдері және шақырылған тарап – Өзбекстан Республикасы) қатысып, Одақ елдерінде темекі және никотин өнімдерінің заңсыз әкелінуі мен таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен шаралар талқыланды.
Қазақстан тарапы қатысушыларға шекаралардағы жағдай туралы жаңартылған ақпаратты және темекі өнімдерінің заңсыз жеткізілімін тоқтату бойынша МКК-ның негізгі нәтижелерін ұсынды. Қатаңдатылған бақылау, электрондық жүкқұжаттарды енгізу және тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану жоғары тәуекелді тауарларды заңсыз өткізу әрекеттерін уақытылы анықтауға және көлеңкелі нарық ауқымын төмендетуге мүмкіндік беріп отырғаны атап өтілді.
Отырыс барысында ЕАЭО мемлекеттерінің кеден қызметтерінің өкілдері анықталған құқықбұзушылықтар мен тиімділігін дәлелдеген бақылау құралдары бойынша деректермен алмасты. Сондай-ақ рәсімдерді үйлестіру, ақпарат алмасуды жақсарту және тауар ағындарының ашықтығын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді пайдалану мәселелері талқыланды.
Одақ елдерінің күш-жүгерін біріктірудің маңыздылығы атап өтіліп, темекі өнімдерінің заңсыз айналымын қысқартуға және адал кәсіпкерлікті қорғауға бағытталған практикалық тетіктерді әзірлеуге әрі қарай қатысуға дайын екендігі расталды.
МКК сыртқы және ішкі шекараларда бақылауды жетілдіру, цифрлық құралдарды дамыту және ЕАЭО мүше мемлекеттерімен үйлестіруді нығайту бойынша белсенді жұмысты жалғастырады.