Мемлекеттік кірістер органдарындағы тиімді менеджмент

Мемлекеттік кірістер органдарындағы тиімді менеджмент

       2025 жылғы 24 ақпан мен 26 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығы Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, облыстардың Мемлекеттік кірістер департаменттері базасында «Мемлекеттік кірістер органдарындағы тиімді менеджмент» бағдарламасы бойынша аралас форматта коучинг-тренинг өткізді.

       Бағдарламаны іске асыру барысында өңірлерде 15 іс-шара ұйымдастырылды: Астана қаласы, Қарағанды облысы, Жамбыл облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы облысы, Павлодар облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы, Жетісу облысы, Алматы қаласы, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай облысы, Абай облысы, Түркістан облысы, Қызылорда облысы. Жалпы қамтылған қатысушылар саны – 891 адам.

      Тренингтерге МКД басшыларының орынбасарлары, басқармалар мен бөлімдердің басшылары, МКБ басшыларының орынбасарлары, сондай-ақ кеден бекеттерінің басшылары мен олардың орынбасарлары қатысты.

      Бағдарламаның мақсаты – мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің басқарушылық құзыреттерін дамыту.

      Оқыту барысында басқарушылық қызметтің негізгі бағыттары қарастырылды: стратегиялық жоспарлау, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, өзгерістерді басқару және кәсіби тиімді коммуникация. Алынған білім басқарушылық қызметтің сапасын арттыруға және мемлекеттік кірістер органдарының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге ықпал етеді.

       Коучинг-тренингтің спикерлері Мемлекеттік кірістер комитеті мен Оқу-әдістемелік орталықтың мамандары болды.

       Қатысушылар жоспарлау, ұйымдастыру және басқарушылық процестерді бақылаудың заманауи әдістерін меңгерді, персоналды мотивациялау, көшбасшылық әлеуетті дамыту және тиімді коммуникация техникаларын оқыды. Сондай-ақ коучинг элементтерін басқаруда қолдану, заманауи басқарушылық модельдерді талдау және командалық өзара іс-қимыл дағдыларын игеру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

       Бағдарламаның маңызды бөлігінің бірі – коучинг тәсілі негізінде әзірленген «МКК/МКД/МКБ/КБ-нің 5 жылдан кейінгі көрінісі» тақырыбындағы жобалық жұмыстарды қорғау болды. Қатысушылар стратегиялық даму бағыттарын ұсынып, мемлекеттік органдар қызметін жетілдіру бойынша инновациялық және технологиялық көзқарас қалыптастырудағы жоғары әлеуеттерін көрсетті.

       Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар қорытынды сауалнама өткізіп, «Мемлекеттік кірістер органдарындағы тиімді менеджмент» бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру сертификаттарын алды.