
Жаңа кодекстің маңызды жаңалықтарының бірі бюрократиялық процестерді оңтайландыру. Егер салық төлеуші декларацияны мерзімінде ұсынбаса, жүйе белгіленген мерзім өткеннен кейін автоматты түрде «нөлдік» декларация қалыптастырады. Бұл норма есепті тапсырмағаны үшін хабарламалар жіберуді, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы талаптарды және ӘҚБтК-нің 272-бабы аясындағы әкімшілік жауапкершілікті болдырмай, бизнеске түсетін қысымды азайтады.
Сонымен қатар салық есептілігі нысандарының саны 30%-дан астам қысқартылды 41 нысаннан (жаппай декларацияны қоса алғанда) 28 нысанға дейін. Бұл бизнеске уақыт пен ресурс үнемдеуге және салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жаңа нысандар ҚР Қаржы министрінің 12.11.2025 ж. № 695 бұйрығымен бекітілген.
Келесі өзгеріс — салық есептілігін кері қайтарып алу қызметінің күшін жою. Бұл жаңа Салық кодексінде көзделген салық әкімшілендіру тәсілдерінің өзгеруіне байланысты жүзеге асырылды.
Сондай-ақ салық есептілігін тапсыру мерзімдерін ұзарту нормасы алынып тасталды. Себебі жаңа нормаларға сәйкес белгіленген мерзімде тапсырылмаған жағдайда жүйе автоматты түрде нөлдік есептілік жасайды.
2025 жылғы 29 қазандағы Қаржы министрінің м.а. бұйрығымен Мемлекеттік кірістер органдарының сервистік тобы туралы Типтік ереже бекітілді.
Сервистік топ мемлекеттік қызметтер көрсетуге және салық төлеушілерге декларацияларды дайындау мен тапсыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру көмегін көрсетуге арналған кемінде екі қызметкерден тұратын көшпелі топ.
Сервистік топты шақыруға өтінім 1414 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданады.