Корпоративтік табыс салығы бойынша салық заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы

Корпоративтік табыс салығы бойынша салық заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы

       Мемлекет басшысы 2025 жылғы 18 шілдеде қол қойған және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес корпоративтік табыс салығын (КТС) есептеу мен төлеу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді.

      Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден табыс алатын резидент емес заңды тұлғалар КТС төлеушілер болып танылады.

     Мемлекеттік мекемелер КТС төлеушілер қатарына кірмейді.

      КТС төлемейтіндер тізімінен мемлекеттік орта білім беру ұйымдары алынып тасталды.

      КТС бойынша сараланған ставкалар белгіленді:

      Қызметтің жекелеген түрлерін қоспағанда, КТС-ның жалпы ставкасы салық салынатын табыстың 20% мөлшерінде белгіленді:

      25% - банктік қызмет (бизнесті несиелеуді қоспағанда) және ойын бизнесі бойынша;

      3% - ауыл шаруашылығы және аквамәдениет (балық шаруашылығы) өнімін өндіру, сондай-ақ өз өндірісінің осындай өнімін қайта өңдеу және оны өткізуден алынатын табыс бойынша;

      6% - жоғарыда көрсетілген қызмет түрлерінен басқа ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызметі бойынша;

      5% -  2026 жылы, және 10% - 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын (коммерциялық емес ұйымдардан басқа) ұйымдар үшін.

     Әр түрлі ставкалар бойынша салық салынатын қызмет түрлері болған жағдайда, олар бойынша бөлек салық есебін жүргізу міндеттемесі енгізілді.

     Алдыңғы салық кезеңі үшін түзетулерді ескере отырып, аванстық төлемдерді есептеу және төлеу жөніндегі міндеттеме туындамайтын жылдық жиынтық табыс шегі 350 000 АЕК-тен 600 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

      Декларация тапсырылғанға дейін аванстық төлемдерді есептеу алынып тасталды, 1-тоқсан үшін аванстық төлемдерді есептеуді мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асыратын болады (алдыңғы салық кезеңіндегі аванстық төлемдердің 1/12 бөлігі мөлшерінде).