Инспекциялық-тексеру кешендері операторларын арнайы даярлау курстарын өзектендіру және өткізу

Инспекциялық-тексеру кешендері операторларын арнайы даярлау курстарын өзектендіру және өткізу

        2025 жылғы 13-15 қазан аралығында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығы «Инспекциялық-тексеру кешендері операторларын арнайы даярлау курстарын өзектендіру және өткізу» тақырыбында арнайы курс өткізді. Оқыту Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Хоргос» ХШЫО кеден бекеті базасында «Хоргос» ХШЫО кеден бекетінің қызметкерлері мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері үшін ұйымдастырылды.

       Іс-шараның мақсаты — көлік құралдарын, тауарлар мен жеке тұлғаларды тексеруге жауапты мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ инспекциялық-тексеру кешендерінің (ИТК) операторларының кәсіби біліктілік деңгейін арттыру болды.

      Бағдарлама аясында негізгі назар ИТК арқылы алынған рентгендік бейнелерді дұрыс интерпретациялау дағдыларын дамытуға аударылды. Қатысушылар рентгенологияның негіздерін, суреттерді талдау әдістерін меңгеріп, Rapiscan және Smith-Heimann сияқты жүйелердің басқару панельдерімен жұмыс істеу бойынша тәжірибелік машықтарға ие болды.

     Сабақтар теориялық және практикалық форматта, тікелей қолданыстағы өткізу пункттерінде өткізілді. Бұдан бөлек, тыңдаушылар Moodle білім беру платформасында бастапқы және қорытынды тестілеуден өтіп, оның нәтижелері бойынша оқу материалын меңгеру деңгейіне қорытынды баға берілді.

      Бағдарлама Оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Касымкулова Л.Т., сондай-ақ ОӘО-ның бас мамандары Касымбеков А.П. пен Абильмажинова Г.Б.-ның белсенді қатысуымен әзірленіп, іске асырылды. Аталған мамандар тренер-нұсқаушылар ретінде дәріс өткізді.

      Өткізілген курс нәтижесінде қатысушылар қазіргі заманғы техникалық құралдарды пайдалана отырып, автокөлік бақылау-өткізу пункттері арқылы тасымалданатын контрабандалық тауарлар мен заттарды тасымалдау, анықтау және сәйкестендіру әдістерімен танысты. Сондай-ақ тыңдаушылар көлік құралдары мен тауарларды тиімді тексеруді қамтамасыз ететін техникалық шешімдер, жасырын тасымалдаудың заманауи тәсілдерін анықтау әдістері және тексеру барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету рәсімдері жөнінде білім алды.

     Арнайы курс аяқталған соң, жалпы 50 тыңдаушының ішінде (МКО-40, ҚР ҰҚК ШҚ-10) 41 тыңдаушы (МКО-35, ҚР ҰҚК ШҚ-6) қорытынды тестілеуден сәтті өтіп, біліктілікті арттыру туралы сертификаттарға ие болды.