
2025 жылғы 17 қазанда Алматы қаласында экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын, соның ішінде Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру мақсатында кездесу өтті.
Кездесуге бизнес-қоғамдастық өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік кірістердің аумақтық органдары, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы және Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшылары қатысты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сагнаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов қатысты.
Кездесу барысында салықтық әкімшілендіруді жеңілдету және кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған негізгі жаңалықтар таныстырылды. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемін 30%-ға қысқарту, салық түрлерін 20%-ға азайту, камералдық бақылауды ескерту форматына көшіру, шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту, салық міндеттемелері бойынша мерзімін шегеру және бөліп төлеу рәсімдерін оңайлату мәселелері талқыланды.
Кәсіпкерлерден түскен сұрақтарға ерекше назар аударылды. Негізгі көтерілген мәселелер — салық жүйесін оңайлату, корпоративтік табыс салығына сараланған мөлшерлемелер енгізу, жеке табыс салығына прогрессивтік мөлшерлемелер қолдану, арнайы салық режимдерін оңтайландыру, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін қолдау, тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі (44 ЭҚЖЖ), сондай-ақ оңайлатылған декларация бойынша салық мөлшерлемесі болды.
Кездесу барысында конструктивті диалог орнатылып, бизнес өкілдерінің ұсыныстары әрі қарай қарастыру үшін тіркелді.