«Нұр Жолы» өткізу бекетінде қабылданып жатқан шаралар туралы

«Нұр Жолы» өткізу бекетінде қабылданып жатқан шаралар туралы

Қазақстан–Қытай шекарасындағы «Нұр жолы» өткізу бекетінде Қытай Халық Республикасына бағытталған автокөлік құралдарының уақытша жиналуы байқалуда. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себебі – отандық тасымалдаушылардың шекарадан өтуге қажетті шетелдік рұқсат бланкілерінің болмауы. Аталған бланкілер екі елдің салалық көлік ведомстволары арасында өзара айырбасталады.

Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Көлік министрлігімен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытайдың салалық ведомстволары қазақстандық тарапты қосымша шетелдік рұқсат бланкілерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр

Сонымен қатар, ҚР ҚМ МКК Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасымен келіссөздер өткізді. Нәтижесінде қытай тарапы қабылдайтын автокөлік құралдарының санын уақытша арттыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ, қытай өткізу бекеттерінде өткізу қабілетін арттыру және кедендік ресімдеу рәсімдерін жеделдету жөніндегі қосымша шаралар келісілді.

Қалыптасқан жағдайды және тасымалдаушылардың қаржылық шығындарын азайту қажеттілігін ескере отырып, ҚР ҚМ МКК «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесінің әкімшісі – «АЭО» АҚ-мен бірлесіп белсенді броньдардың қолданылу мерзімін 72 сағатқа ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл тасымалдаушыларға жүйенің жаңартылған жұмыс қағидаларына сәйкес бронь үшін төленген 1 АЕК сомасын және 20 АЕК көлеміндегі кепілдік жарнаны сақтауға, сондай-ақ шетелдік рұқсаттардың берілуі қайта басталғаннан кейін өткізу тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Қытай Халық Республикасының Көлік министрлігінен «С» санатындағы жаңа рұқсат бланкілері партиясы түскеннен кейін, өтініш беріп үлгермеген отандық тасымалдаушылар белгіленген тәртіппен бұрын брондалған кезек арқылы бланкілерді рәсімдеп, алуға мүмкіндік алады.

ҚР ҚМ МКК жағдайдың тұрақты бақылауда екенін хабарлайды. Қабылданып жатқан барлық шаралар автокөлік құралдарының өткізу режимін жедел қалпына келтіруге және көлік ағынының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Осыған байланысты ҚР ҚМ МКК тасымалдаушыларға түсіністік танытқандары үшін алғыс білдіреді және жаңа партия шетелдік рұқсат бланкілері келіп түскенге дейін өткізу бекеттеріне барудан уақытша бас тартуды сұрайды.