2025 жылғы 22 қыркүйекте бірқатар ресейлік БАҚ-та ресейлік кеден органдарының Қазақстан Республикасынан әкелу кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) ұстағаны туралы ақпарат жарияланды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, бұл дерек шындыққа жанаспайды және оқиғаның нақты мән-жайы көрсетілмеген.
Іс жүзінде аталған ҰҰА 2025 жылғы 13 маусымда «Жайсан» автомобиль өткізу пунктінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері тарапынан Ресей Федерациясынан қажетті құжаттарсыз әкелуге әрекет жасау кезінде ұсталған болатын.
Белгіленген тәртіпке сәйкес жүк экспорттық бақылау шараларын қолдану үшін Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлеріне берілді.
Уәкілетті органға жолданған сұрау салу нәтижелері бойынша ҰҰА әкелудің рұқсат беру тәртібіне жататын арнайы тауарларға жататыны расталды.
Осыған байланысты материалдар сотқа жолданып, сот жүк иесін ҚР ӘҚБтК-ге сәйкес кінәлі деп танып, әкімшілік айыппұл салды.
Барлық көзделген рәсімдер аяқталғаннан кейін жүк жөнелтілетін елге кері әкету міндеттемесімен иесіне қайтарылды.
2025 жылғы 15 қыркүйекте аталған тауар Ресей Федерациясына шығарылып, бұл туралы қолданыстағы екіжақты тәртіпке сәйкес іргелес тарап тиісті түрде хабардар етілді.
Мемлекеттік кірістер комитеті заңнамада көзделген экспорттық бақылау рәсімдерін толық көлемде іске асырды.