
2025 жылғы 16 қыркүйекте Алматы қаласында «Салтанатты Ассамблея» атты Алматы Халықаралық Антикризистік конгресі өтті. Конгресстің ұйымдастырушылары – Конгрестің тұрақты жұмыс істейтін ұйымдастыру комитеті және Қазақстанның банкроттық саласындағы әкімшілері.
Конгрестің ресми ашылуы мен шетелдік қонақтарды қарсы алу сөзін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов жасады.
Қазақстандағы төлем қабілетсіздігі жүйесіне шолу жасап, банкроттық бойынша ақпараттық жүйелерді таныстырған – Мемлекеттік кірістер комитетінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева. Қазақстандағы өзін-өзі реттеу институтының дамуы жөнінде «Атамекен» ҰКП өкілі Асланбек Жақұпов баяндады. Ал микроқаржы ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелерін микроқаржы омбудсмені Назгүл Естеусізова түсіндірді.
Конгресс Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген мамандардың тәжірибе алмасуы мен кәсіби пікір алмасуы үшін жұмыс алаңы болды.
Қатысушылар Ресей мен Беларусьтің электрондық сауда алаңдарының тәжірибесін, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстандағы банкроттық саласындағы реформалар тарихын талқылады, сондай-ақ бүгінгі күні өзекті болып отырған трансшекаралық банкроттық мәселесін қарастырды.
Конгресс халықаралық кәсіби алаң ретіндегі маңыздылығын тағы да дәлелдеп, тиімді банкроттық рәсімдерін дамытуға және ұсынымдар әзірлеуге ықпал етті.