2026 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Аталған реформаны түсіндіру үшін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, еліміз бойынша ақпараттық іс-шараларды өткізіп келеді. Осы жұмыстың аясында Атырауда кезекті семинар өткізіліп, онда бизнестегі салық салу үрдісіндегі инновациялар мен өзгерістер туралы түсіндіріліп, кәсіпкерлер салықтық реттеудің жаңа жағдайына дұрыс бейімделудің жолдарына қанықты.
Атырау облысында мұнай-газ саласы, көлік инфрақұрылымы және өңдеу өнеркәсібі жақсы дамығандықтан бұл өңір Қазақстан экономикасында маңызды орын алады. Бұл аймақта ірі мұнай кен орындары – Теңіз және Қашаған орналасқан. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін өндіруші компаниялар қажетті жабдықтар мен көрсетілетін қызметтерді алу бойынша мердігерлік жұмыстарды орындайтын шағын және орта бизнеске сүйенеді. Сондықтан семинарда ШОБ салық салу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес декларация негізінде жеңілдетілген арнайы салық режімі (АСР) енгізіледі. АСР табысы 600 мың АЕК (шамамен 2,4 млрд теңге) дейінгі ШОБ субъектілеріне арналып, әкімшілік жүктемені төмендетуге бағытталған: есеп тапсыру жеңілдеп, аталған режімге ЖК ретінде міндетті тіркеусіз ауысуға мүмкіндік беріледі.
Бұдан басқа ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі - 10 000 АЕК (шамамен 40 млн теңге) дейін азайтылды, бұл төлеушілердің шеңберін кеңейтеді. Сондай-ақ реформа есептілік көлемін 30% және салықтарды 20% дейін азайтуды көздейді.
Жаңа заңда кәсіпкерлерден берешекті өндіріп алудың неғұрлым икемді және жұмсақ тәртібі қарастырылып отыр. Егер де қарыз мөлшері аз болса, компаниялардың шоттары автоматты түрде бұғатталмайды. Бұл бизнеске операцияларды тоқтатпай қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Қатаң шаралардың орнына алдын ала ескертулер мен хабарламалар жіберу тәсілі қолданылады. Кемшіліктер тек жүйелі түрде байқалған жағдайда ғана кезең-кезеңімен өндіріп алу тетігі енгізіледі. Бұл амал шағын және орта бизнеске қысымды төмендетіп, кәсіпорындарға орнықты жұмысты істеуге жол ашады.
Салық реформасы жүйені жаңартумен бірге оның әділдігін арттырып, бизнеске дамуға мүмкіндік береді.
Келесі семинар 17 қыркүйекте Талдықорған қаласында өтеді.