Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында берген тапсырмаларын, сондай-ақ Премьер-Министр Олжас Бектеновтің өткізу пункттерін уақтылы жаңғырту және шекара маңы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Жандос Дүйсембиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары және жергілікті атқарушы органдар өкілдері Түркістан облысындағы кеден бекеттерінде көшпелі кеңес өткізді.
2025 жылғы 8–9 қыркүйек сапар барысында Қазақстан–Өзбекстан шекарасындағы кеден бекеттері (Атамекен, Б.Қонысбаева, Қапланбек, Жібек Жолы, Қазығұрт) араланып, нақты міндеттер мен іске асыру мерзімдері айқындалды.
Жаңғырту жұмыстары аяқталған кеден бекеттері бойынша (Атамекен, Б.Қонысбаев, Қапланбек) бір ай мерзім ішінде кедендік бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу тапсырылды. Толық автоматтандыру жүк өткізу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Әрбір кеден бекетіне нақты KPI белгіленіп, жыл соңына дейін шекарадан өту уақытын 10–15 минутқа дейін қысқарту тапсырылды.
Жергілікті атқарушы органдармен бірге шекара маңы инфрақұрылымын дамыту сияқты маңызды бағыттардың бірі бойынша нақты міндеттер талқыланып, айқындалды.
Шекара маңы инфрақұрылымын дамыту сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдай мен сервистерді (заманауи УҚҚ, кедендік ресімдеу залдары, күту аймақтары және басқа да қызметтер) жасауға мүмкіндік береді.
Құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын жеделдету, технологиялық жабдықтарды уақтылы іске қосу және Қазығұрт өткізу пунктін ағымдағы жылдың қазан айында жаңғыртуды аяқтау міндеті белгіленді.
Жібек Жолы кеден бекетінің одан әрі дамуы мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.
Жібек Жолы тәулігіне 30–40 мың адам өтетін ең ірі жолаушылар өткізу пункті болып табылады.
Қазіргі уақытта мұнда тәулігіне 70 мыңнан астам азаматты өткізе алатын жаңа заманауи кеден бекетінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Құрылыс аясында халықаралық әуежайлар деңгейінде заманауи технологияларды пайдалана отырып, қолайлы жағдай жасау көзделген. Аяқтау мерзімі 2026 жылдың I жартыжылдығына жоспарланған.
Жалпы алғанда, өткізу пункттерін жаңғырту олардың инфрақұрылымын жақсартуға, тасымалдаушылар, жеке тұлғалар мен туристер үшін шекарадан жайлы өтуге барлық жағдайды жасауға, мемлекеттік бақылау түрлерін сапалы жүргізуге, өткізу қабілетін арттыруға және шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.