Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің кеден әкімшіліктері басшыларының 11-ші отырысы өтті

Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің кеден әкімшіліктері басшыларының 11-ші отырысы өтті

       2025 жылғы 6-8 қыркүйек аралығында Түркістан қаласында Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кеден әкімшіліктері басшыларының 11-ші отырысы өтті. Отырысқа Венгрия, Грузия және Түркіменстаннан бақылаушылар да қатысты.

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев өз сөзінде отырыстың дәл Түркістанда өтуі тек практикалық қана емес, сонымен қатар терең символикалық маңызға ие екенін атап өтті.   Түркістан түркі әлемінің рухани орталығы ретінде бауырлас халықтардың бірлігі мен өзара түсіністігін бейнелейді, ал бүгінгі кездесу ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылыстың дәлелі болып табылады.

      Төраға соңғы жылдары ТМҰ елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті, бұл цифрлық шешімдерді енгізу, рәсімдерді жеңілдету және өзара сенімді нығайтудың нәтижесі болып табылады.   Ол Венгриядағы ТМҰ бейресми саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық міндетке — Орта дәлізді Шығыс пен Батыс арасындағы сенімді және заманауи көпірге айналдыруға ерекше назар аударды.

      Осыған байланысты МКК төрағасы практикалық қадамдардың қажеттілігін атап өтті:

  • ақпарат алмасудың техникалық шарттарын іске асыру, уәкілетті экономикалық операторлар (УЭО) институтын дамыту;
  • «Бірыңғай терезе» жүйесін және кедендік әкімшілендіруді цифрландырудың заманауи құралдарын енгізу.

       Бұл шаралар тауар айналымын жеделдетуге, қауіпсіздікті арттыруға және жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

       Отырысқа қатысушылар үздік ұлттық тәжірибелерді талқылады, онда Қазақстан «Кеден» ұлттық интеграцияланған платформасының мүмкіндіктерін ұсынды, ал Түркия «Жібек жолы» бастамасы аясында «Керуен-сарай» жобасын таныстырды.

      Кездесу қорытындысы бойынша:

  • 11-ші отырыстың хаттамасына;
  • ХЖТ Конвенциясына (1975 ж.) 11-қосымшаны қолдану туралы бірлескен мәлімдемеге;
  • тәуекелдерді басқару және кедендік зертханаларды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

       Отырысты аяқтай отырып, қатысушылар өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге және бауырластық байланыстарды нығайтуға бейілділігін растап, бірлескен күш-жігер түркі әлемінің заманауи, ашық және инновациялық кеден жүйесін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.