Қарағандыда жаңа Салық кодексіне байланысты көшпелі семинар-кеңес өткізілді

Қарағандыда жаңа Салық кодексіне байланысты көшпелі семинар-кеңес өткізілді

        ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың 18 шілдесінде қол қойылған жаңа Салық кодексінің ережелерін түсіндіру мақсатында Қарағанды қаласында (2025 жылдың 8 тамызында) көшпелі семинар-кеңес өткізді.

       Аталған жиынға Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сондай-ақ комитеттің салықтық әкімшілендіру мәселелеріне жауапты сарапшылары қатысты. Семинарға 430-ден астам жеке кәсіпкер, ірі, орта және шағын бизнес өкілдері қатысты.

      Оның барысында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін реформаға сәйкес негізгі өзгерістер мен инновациялар, оның ішінде ескіру мерзімін нақтылау, салық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдану, салық сын-қатерін басқару жүйесін енгізу, ҚҚС бойынша салық салу бөлігіндегі өзгерістер, салық есептілігін ұсыну тәртібін өзектендіру, салық тексерулерді жүргізу рәсімін реформалау ұсынылып, салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған өзге де түйінді ережелер жөнінде айтылды.

     Бұған қоса ҚҚС әкімшілендірудегі құрылымдық өзгерістер мен корпоративті табыс салығы мен ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемеге көшу мәселелері жеке қаралды.

      Салық жүктемесін әділ бөлу мен фискалды тұрақтылықты арттыруды көздейтін жеке табыс салығының прогрессивті шкаласының тетігі түсінікте түрде жеткізілді.

      Сонымен қатар жиында ашықтық пен болжамдықты қамтамасыз етіп, салық рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған салық жүйесін одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

      Қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, спикерлердің тарапынан тұшымды жауап қайтарылды. Бизнес өкілдері тиімді және тұрақты салық ортасын қалыптастыруға ықпал ететін уәкілетті органмен тұрақты өзара байланыстың маңыздылығын атап өтті.

     Бұл ретте Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерді салық заңнамасындағы өзгерістер туралы хабардар етіп, іскерлік ортамен ашық диалогты қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыратынын айта кетейік.

     Келесі семинар 11 тамызда Ұлытау облысы Жезқазған қаласында өтеді.