Жаңа Салық кодексі: мемлекет бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені қалай азайтады

Жаңа Салық кодексі: мемлекет бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені қалай азайтады

       Кәсіпкерлікке түсетін әкімшілік жүктемені азайту алдағы уақытта нақты жүзеге асады. Бұл туралы Павлодар облысында өткен семинар барысында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов мәлімдеді. 2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексіне дайындық аясында Қаржы министрлігі өңірлерде халықпен және кәсіпкерлермен белсенді кездесулер өткізіп, негізгі өзгерістерді түсіндіру және бизнеске жаңа талаптарға бейімделуге қолдау көрсету жұмыстарын жүргізуде.

     Іс-шара «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінің қолдауымен өтті. Семинарға 500-ден астам жеке кәсіпкер, ірі, орта және шағын бизнес өкілдері қатысты. Қатысушылар құрамының әртүрлілігі салықтық реттеу мәселелерін кәсіпкерлік қауымдастықтың барлық санаттарының мүдделерін ескере отырып жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.

     Павлодар облысы – энергетика, металлургия, химия және машина жасау салалары қарқынды дамып жатқан елдің индустриялық өңірлерінің бірі. Өңірде 40 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді, олардың едәуір бөлігі өндіріс пен экспорт саласында қызмет етеді. Осыған байланысты салық салу саласындағы жаңа тәсілдерді түсіндіру, есептілік пен салықтық рәсімдерді оңтайландыру облыс кәсіпкерлері үшін аса өзекті болып отыр.

     Жәнібек Нұржановтың айтуынша, жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіру жүйесін түбегейлі жеңілдетуге бағытталған. Атап айтқанда, өзгерістер салықтық есептілік көлемін 30%-ға дейін қысқартуды көздейді, бұл процесстерді цифрландыру арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, қайталанатын төлемдерді біріктіру арқылы салықтық төлемдердің саны 20%-ға азаяды. Бұл өзгерістер бюджет кірісін сақтай отырып, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

      «Салықтық әкімшілендіру тәсілдері түбегейлі өзгеруде. Біріншіден, камералдық бақылау енді жазалау емес, алдын алу сипатында жүргізілетін болады. Екіншіден, берешекті өндіріп алу, төлем мерзімін кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері айтарлықтай жеңілдетіледі. Үшіншіден, егер берешек сомасы аз болса, Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлердің шоттарын автоматты түрде бұғаттамайды. Оның орнына ескерту мен ықпал ету шаралары кезең-кезеңімен қолданылатын болады, бұл кәсіпкерлерге заң бұзушылықтарды дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов.

      Семинар барысында салық саласындағы өзекті мәселелер бойынша қатысушылардан келіп түскен сұрақтарға  түсіндірме берілді.