Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында белгіленген стратегиялық бастамаларды іске асыру мен ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасын орындау мақсатында Қаржы министрлігі шекара маңындағы кедендік инфрақұрылымды жаңғыртудың кешенді бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бірінші кезеңде ҚХР және Өзбекстанмен арадағы шекаралық аймақтарда төрт заманауи өткізу пункті пайдалануға берілді. Осы арқылы жүктердің ағыны едәуір артып, сыртқы экономикалық қатысушылардың жағдайы жақсара түсті.
Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапарында Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Эрнар Ержанов Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылығымен бірлесіп, «Тәжен» және «Темір баба» шекаралық өткізу пункттеріне барып қайтты.
«Темір баба» өткізу пункті – Қазақстанның Түрікменстан Республикасымен шекарасында орналасқан жалғыз автомобиль өткізу пункті болып саналады. Оның географиялық орналасуы шетелдік тасымалдаушыларға Түрікменстан арқылы Түркияға, Пәкістанға, Ауғанстанға, БАӘ-ге және басқа да елдерге шығуға жол ашып отыр. Яғни, Еуропадан аталған елдерге жөнелтілетін барлық тауар мен азық-түлік «Темір Баба» (іргелес пункт – «Гарабогаз») арқылы өтеді. Бұдан басқа еліміздің аумағына Түркиядан халық көп тұтынатын түрлі тауар мен мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жабдықтар импортталады. Түрікменстан мен Пәкістаннан Маңғыстау өңіріне ішкі нарыққа арналған көкөністер мен жемістер жеткізіледі.
«Тәжен» өткізу пункті Қазақстан-Өзбекстан шекарасында, атап айтқанда еліміздің батысында жатыр. Бұл жер Орталық Азияны Ресеймен және Еуропамен байланыстыратын өңірдегі жалғыз автомобиль өткізу пункті болып есептеледі. «Тәжен» арқылы негізінен Ресейге және үшінші елдерге (соның ішінде Еуропаға) транзиттік жүктер (90%) өткізіліп келеді, сондай-ақ осы аумақ арқылы Өзбекстаннан Ресейге еңбек мигранттары қатынап жүр.
Аталған нысанда құрылыс және техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр: қозғалыс жолақтары кеңейтіліп, заманауи инспекциялық-тексеру кешендері, автоматты салмақ қондырғылары және цифрлы бақылау жүйелер орнатылып келеді. Жаңғырту жұмыстарына қарамастан өткізу пункті жүктердің тұрақты ағынын қамтамасыз етіп, штаттық режімде жұмыс істеп тұр.
«Бұл жобалардың іске асырылуын бақылау тиісті жұмыстар толық аяқталғанға дейін тұрақты түрде жүргізілетін болады», деді Қаржы министрлігінің аппарат басшысы.
Көшпелі кеңестің қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарын жеделдетуге және кеден пункттерінің жұмыс істеу тиімділігін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Мердігер ұйымдарға жаңғырту жұмыстарын қарқындату үшін нысандағы қызметкерлер мен техника санын қысқа мерзімде ұлғайту жүктелді. Мемлекеттік кірістер комитетіне қажетті жұмыстарды ұйымдастыру кезінде анықталған кемшіліктерге байланысты «Тәжен» және «Темір баба» кеден бекеттерінің басшыларын тәртіптік жауапқа тартуды қарау тапсырылды.