Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі қауіпсіздік жобасы (CCASP) шеңберіндегі ДКҰ-ның өңірлік семинары

Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі қауіпсіздік жобасы (CCASP) шеңберіндегі ДКҰ-ның өңірлік семинары

       2025 жылғы 8–11 шілде аралығында Астана қаласында Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) бастамасымен және Жапония Үкіметінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі қауіпсіздік жөніндегі жоба (CCASP) аясында өңірлік семинар өтуде. Семинар Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның кеден органдары өкілдерін жинады.

      Іс-шараның мақсаты – атыс және жеңіл қару-жарақты (АҚЖҚ), оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) заңсыз шекара арқылы тасымалдауға байланысты қауіптер туралы ұлттық кеден әкімшіліктерінің хабардарлығын арттыру, сондай-ақ алдағы ұлттық оқыту іс-шараларын жоспарлау үшін қатысушы елдердің басым қажеттіліктерін айқындау.

      Іс-шараның ашылуында алғы сөз сөйлегендер:

  • Алмазов Жанболат Мирамович - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік бақылау департаменті директорының м.а.;
  • Ясумаса Иидзима - Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі;
  • Эндрю Рейнолдс - Дүниежүзілік кеден ұйымының CCASP жобасының үйлестірушісі.

       Алмазов мырза CCASP жобасына қолдау көрсеткені және Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында тәжірибе мен озық практикалар алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін Дүниежүзілік кеден ұйымына (ДКҰ) және Жапония Үкіметіне алғыс білдірді. Ол атыс қаруы мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударып, семинар тақырыбының бүкіл өңір үшін өзектілігін ерекше атап көрсетті.

       Семинардың өткізілуі қазіргі таңда ерекше өзектілікке ие болып отыр, өйткені атыс қаруы мен ҰҰА сияқты жаңа технологиялардың таралуына байланысты жаһандық қауіптер артып келеді. Бұл құралдар құқыққа қарсы мақсаттарда жиі қолданылуда. Мұндай қозғалыстарды бақылауды күшейту – үйлестірілген әрекеттер мен қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді терең түсінуді талап етеді. Осы орайда семинар кеден органдарының әлеуетін нығайту, заңсыз трафикті анықтау және оның жолын кесу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелері бойынша өңірлік диалогты жандандыру қажеттігіне дер кезінде берілген жауап болып табылады.

       Семинарда дәріс оқитын мамандар қатарында Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) CCASP жобасының сарапшы-нұсқаушысы Весна Врачар, осы жобаның жетекші жаттықтырушысы Адам Вас, Интерполдың Оперативтік қолдау және талдау директоратындағы атыс қаруы жөніндегі маманы Амина Масович, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық форумы (FSC) жобасының өкілі Фредерик Анри Клеман бар.

       Төрт күн ішінде қатысушылар қауіпсіздік саласындағы стратегиялық ахуал мен жаһандық бастамаларды, АҚЖҚ пен ҰҰА заңсыз айналымына қарсы күрестегі кеден органдарының рөлін, бақылаудың халықаралық-құқықтық және институционалдық негіздерін, ұлттық тәжірибе алмасуды, қолданыстағы тетіктерді талдау мен олқылықтарды анықтауды қамтитын ауқымды мәселелерді қарастырады. Сондай-ақ, ведомствоаралық және өңірлік ынтымақтастықты нығайту, заманауи мақсатты бағыттау және тәуекелдерді басқару құралдарын пайдалану, ұлттық бастамаларға қолдаудағы халықаралық ұйымдардың рөлі талқыланатын болады.

      Семинардың қорытындылары қауіпсіздік мәселелері бойынша ортақ көзқарас қалыптастыруды, өңірлік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын келісуді және бақылау шараларын күшейтуге арналған ұлттық жоспарларды әзірлеуді көздейді. Қатысушылар қауіпсіздік саласындағы өзекті біліммен, тәжірибелік ұсынымдармен және ДКҰ-ның тәуекелдерді басқару және нысаналы бақылау жүйелері сияқты құралдарымен танысады.

      Семинар аймақтағы елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, ұлттық әлеуетті нығайту және қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрестегі күш-жігерді үйлестіру бағытында маңызды алаңға айналады.