Брюссель, 2025 жылғы 26–28 маусым — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Жандос Дүйсембиевтің жетекшілігімен қазақстандық делегация Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) 145/146-шы жыл сайынғы Кеңес сессияларына қатысты. Кеңес — ұйымның 186 мүше мемлекетін біріктіретін жоғары басқару органы.
Брюссельдегі ДКҰ штаб-пәтерінде өткен Кеңес отырысы — ұйым мен жаһандық кедендік қауымдастықтың одан әрі даму бағытын айқындайтын стратегиялық шешімдер қабылданған жылдың басты оқиғасы болды. Қазақстан электрондық сауда, кеден қызметтерінің тиімділігін бағалау, институционалдық дамудың жаңа парадигмасы, сондай-ақ 2025–2028 жылдарға арналған ДКҰ Стратегиялық жоспарын бекіту секілді басым бағыттарды талқылауға белсенді қатысты.
Сессия Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры доктор Нгози Оконджо-Ивеаланың құттықтау сөзімен ашылды. Сонымен қатар, сарапшылар алаңдары ұйымдастырылып, ДКҰ-ның өзекті бастамалары талқыланды. Бразилия жыл сайынғы фотобайқаудың жеңімпазы атанды, ал Кеңестің жаңа төрағасы болып Нигерия Кеден қызметінің Бас бақылаушысы Башир Адевале Адений сайланды.
Қазақстан үшін маңызды оқиға — 2023–2025 жылдарға арналған ДКҰ Саяси комиссиясындағы өкілеттігінің аяқталуы болды. Кеңес шеңберіндегі шешімдер нәтижесінде Қазақстан 2025–2026 жылдарға арналған ДКҰ Қаржы комитетінің мүшесі болып сайланды. Бұл еліміздің халықаралық кеден құрылымдарындағы белсенді ұстанымын және Ұйымды тиімді басқаруға қосатын үлесін айғақтайды.
Халықаралық саудадағы тұрақсыздық жағдайында ДКҰ кеден әкімшілендіруінің тұрақтылығын және тиімділігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін растады. Қазақстан жаһандық кеден күн тәртібін қалыптастыруға белсене қатысуға және орнықты, қауіпсіз әрі цифрлық сауда дәліздерін дамытуға үлес қоса беруге дайын екенін білдірді.