
2025 жылғы 12–16 мамыр аралығында Түркияның Анкара қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Көпжақты салық орталығы ұйымдастырған трансферттік баға белгілеу жөніндегі халықаралық семинарға қатысты.
Іс-шара «Train-the-Trainer» бағдарламасы аясында өткізіліп, Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның 12 елінен келген салық сарапшыларын біріктірді.
Семинар барысында қатысушылар трансферттік баға белгілеу саласында салық органдары тап болатын нақты жағдайларға негізделген практикалық кейстерді егжей-тегжейлі қарастырды. Ерекше назар бақыланатын мәмілелердің нақты мәні мен шарттарын дұрыс анықтауға, компаниялар тобы ішіндегі қаржылық операцияларды талдауға, пайданы бөлу әдісін қолдануға, сондай-ақ тұрақты өкілдіктерге салық салу мәселелеріне аударылды.
Қазақстандық мамандар талқылауларға белсенді қатысып, өздерінің кейстері мен оларды шешу тәсілдерін ұсынды. Сонымен қатар, олар трансферттік баға белгілеу туралы Қазақстан заңнамасындағы соңғы өзгерістерді, соның ішінде мұнай экспорты мәмілелерін автоматтандырылған мониторингтеу бойынша инновациялық жүйені таныстырып, халықаралық әріптестерінің қызығушылығын тудырды.
Іс-шара ЭЫДҰ-ның Салық саясаты және әкімшілендіру орталығы мен Анкарадағы Көпжақты салық орталығының ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Е.О. Сапиевтің қатысуымен орын алды.
Мұндай іс-шараларға қатысу Қазақстан Республикасында салықтық әкімшілендіру саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және озық тәжірибелерді енгізуге ықпал етеді.