Қазақстан мен Қытай шекарадағы өткізу қабілетін арттыруға келісті

Қазақстан мен Қытай шекарадағы өткізу қабілетін арттыруға келісті

         2025 жылғы 23 мамырда «Нұр Жолы» (ҚР) – «Қорғас» (ҚХР) өткізу пункттерінде Қазақстан мен Қытай делегацияларының бірлескен жұмыс сапары өтті. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев, қытайлық делегацияны ҚХР Бас кеден басқармасының министрі Сунь Мэйцзюнь басқарды. Бұл сапар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру және Қытай бағыты бойынша үлкен кезектерді шешу қажеттілігі аясында ұйымдастырылды. Ортақ инспекция жүргізу туралы келісім 2025 жылғы 21–22 мамырда Орталық Азия және Қытай кеден қызметтері басшыларының кездесуінде жасалды.

       Сапар барысында делегация басшылары екі елдің өткізу пункттері – «Нұр Жолы» және «Қорғас» – орналасқан инфрақұрылыммен танысып, шекараның екі жағындағы нысандарды аралады.

       Инспекция қорытындысы бойынша келесі нақты шешімдер қабылданып, уағдаластықтар жасалды:

       ➢ «Нұр Жолы» – «Қорғас» өткізу пункттерінің тәулік бойы жұмыс істеу режимін 2026 жылғы 30 маусымға дейін ұзарту;

      ➢ Қытай тарапының Қазақстаннан келетін автокөлік құралдарын қабылдау көлемін ұлғайту:

      ➢ «Нұр Жолы» өткізу пункті арқылы – қазіргі таңда тәулігіне 650 АТС қабылдануда, 1 шілдеден бастап бұл көрсеткіш 750 АТС болады, ал қыркүйек айында – 1000 АТС дейін арттырылады;

     ➢ «Қалжат» өткізу пункті арқылы – тәулігіне 130 АТС-тен 250 АТС-ке дейін артты, маусым айында 300 АТС-ке дейін ұлғайтылады;

     ➢ 2025 жылғы мамыр айының соңына дейін Қытай тарапының «Дулаты» өткізу пунктінде қосымша мобильді инспекциялық-байқау кешенін (МИДК) іске қосу;

     ➢ 2025 жылғы қыркүйектің соңына дейін «Қорғас» өткізу пунктінде тұрақты инспекциялық-байқау кешенін орнату;

     ➢ Инспекциялық-байқау кешендерінің рентгендік кескіндерін өзара тану жөнінде келісімге қол жеткізілді, бұл қайталап тексеру уақытын қысқартып, шекарадан өту үдерісін жеделдетеді;

     ➢ «Қорғас» ХШСО арқылы тасымал ағындарын оңтайлы бөлу жоспарлануда, бұл «Нұр Жолы» өткізу пунктіндегі жүктемені азайтуға және тасымал қозғалысын теңгерімді бөлуге мүмкіндік береді;

    ➢  «Нұр Жолы» – «Қорғас» өткізу пункттерінде қозғалыс жолақтары мен шекаралық көпірді кеңейту мәселесі екі тараппен бірлесіп қаралуда;

    ➢  Шекара маңындағы кеден қызметтері деңгейінде ай сайынғы отырыстар және Қазақстан-Қытай кеден органдарының үйлестірушілерінің тоқсан сайынғы кездесулерін өткізу келісілді.

        Сапар қорытындысында делегация басшылары қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын атап өтіп, бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады. Министр Сунь Мэйцзюнь сондай-ақ «Нұр Жолы» өткізу пунктінің инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен Қазақстанның электрондық кезек жүйесін жоғары бағалап, оның тасымал үдерісінің ыңғайлылығы мен тиімділігін арттырудағы рөлін атап өтті.

       Айта кету керек, Қазақстан мен Қытай үнемі өзара іс-қимыл жүргізіп келеді. Бірлескен шаралардың нәтижесінде Қытаймен шекарадағы өткізу қабілеті 2023 жылы 202 мыңнан 429 мың АТС-ке дейін (112%), 2024 жылы 429 мыңнан 734 мың АТС-ке дейін (71%) артты. 2025 жылдың алғашқы 4 айында 238,5 мың АТС қозғалысы тіркеліп, 41%-ға өсім көрсетілді.

      Жоғарыда көрсетілген барлық шаралар екі ел арасындағы тауар айналымын және транзиттік әлеуетті одан әрі ұлғайтуға, сондай-ақ екі бағыт бойынша кезектерді едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.