Қазақстан-Қытай диалогы: тиімді кедендік әкімшілендіруге қадамдар

Қазақстан-Қытай диалогы: тиімді кедендік әкімшілендіруге қадамдар

        2025 жылғы 21 мамырда Алматы қаласында Қазақстан мен Қытайдың кеден қызметтері басшыларының екіжақты кездесуі өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дүйсембиев Ж.Ж. төрағалық етті.

       Іс-шара трансшекаралық сауданы дамыту және тиімді кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша үйлестірілген шешімдер әзірлеуге бағытталған өңірлік диалогтың жалғасы болды.

       Кездесу барысында кеден рәсімдерін цифрландыру, талаптарды біріздендіру, ақпарат алмасу және әкімшілік кедергілерді жою мәселелері талқыланды. Бұл шаралар логистикалық тізбектердің тиімділігін арттыруға және өткізу қабілетін ұлғайтуға бағытталған. Қатысушылар Қазақстан-Қытай шекарасындағы шекаралық өткізу пункттері арқылы тауарлардың тұрақты және болжамды өткізілуін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.

      Сауда айналымының және транзиттік тасымалдардың тұрақты өсуі жағдайында басты мәселе — шекараның екі жағындағы өткізу қабілеттерін үйлестіру болды. Қазақстан тарапы республиканың өткізу пункттері қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын және артып келе жатқан тауар ағынын өңдеуге жеткілікті әлеуетке ие екенін атап өтті.

       Ағымдағы жылдың сәуір айында «Нұр Жолы» (ҚР) – «Қорғас» (ҚХР) өткізу пункттерін бірлесіп тексеру барысында екі елдің кеден қызметі өкілдері Қытай жағындағы өткізу қабілетін арттыруға кедергі келтіретін «тар» тұстар мен мәселелерді анықтады.

      Осыған байланысты ҚР ҚМ МКК төрағасы жұмыс кестелерін үйлестіру, инфрақұрылымды жетілдіру және деректермен автоматтандырылған алмасуға арналған цифрлық платформаларды дамыту бойынша бірлескен шешімдер әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

       Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы тауарларды өткізу процестерін жеңілдету және өткізу қабілетін арттыру бойынша негізгі уағдаластықтарға қол жеткізді.

       Кездесу соңында тараптар көпжақты форматтағы диалогты жалғастыруға мүдделілік білдіріп, трансшекаралық рәсімдерді оңайлату, тауарлар қозғалысын жеделдету және өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру жұмысын жандандыруға уағдаласты.