Қазақстанда сыра қайнату өнімдерін цифрлық таңбалау құны бойынша көпшілік тыңдаулар өткізілді

Қазақстанда сыра қайнату өнімдерін цифрлық таңбалау құны бойынша көпшілік тыңдаулар өткізілді

2025 жылғы 16 мамырда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті алаңында мемлекеттік монополияға, арнайы құқыққа жатқызылған тауарлар бойынша Бірыңғай оператордың сыра өнімдерін таңбалау және қадағалау қызметтері тарифіне сараптама жүргізу мақсатында қоғамдық тыңдаулар өтті.

Талқылауға бизнес өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік органдар қатысты.

Қоғамдық тыңдаулар – арнайы құқық субъектісі көрсететін қызметтердің құнын бекіту бойынша міндетті рәсімдердің бірі болып табылады. 16 мамырда өткен тыңдауларда сыра өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау қызметтеріне арналған тариф талқыланды.

Тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жөніндегі Бірыңғай оператордың өкілдері аталған тауар тобы бойынша тарифке енгізілген шығындар құрылымын таныстырды.

Таңбалау қызметтерінің құны шығындық әдіспен, бағаларды қалыптастыру қағидаларына сәйкес айқындалады.

«Қоғамдық тыңдаулардың өткізілуі Бірыңғай оператордың қызметтері бойынша баға жобасын қалыптастыру рәсімінің ашықтығын, сондай-ақ тұтынушылардың мүдделерінің ескерілетінін көрсетеді», – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры.

Бірыңғай оператор «сыра өнімдері» тауар тобы бойынша бақылау-идентификациялық таңбаның құнын ҚҚС-ты қоспағанда 3,06 теңге деңгейінде белгілеуді ұсынды.

Қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша барлық материалдар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жолданады.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті «Атамекен» ҰКП және «Қазақтелеком» АҚ (Бірыңғай оператор) бірлесіп, 2024 жылғы 15 ақпаннан 2025 жылғы 31 наурызға дейін сыра өнімдерін таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобаны іске асырған болатын.