Меню

Страницы

Статья

Мобильді аударымдар бойынша ТОП-18 сұрақтар мен жауаптар

1-сұрақ. Қандай жағдайларда банктер жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы мәліметтерді салық органдарына ұсынады?

Жауап:

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 55-бабы 2-тармағының 24) тармақшасына сәйкес банк ұйымдары кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері болған кезде жеке тұлғаның банктік шотына өзге жеке тұлғалардан түскен ақша сомасы туралы мәліметтерді ұсынады.

Мұндай мәліметтер Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 698 бұйрығымен бекітілген өлшемшарттар бір мезгілде орындалған кезде ғана беріледі.

Атап айтқанда, егер жеке тұлға қатарынан күнтізбелік әрбір үш ай ішінде 100 және одан да көп әр түрлі тұлғалардан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған, банктік шотына ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асатын ақша алса, екінші деңгейдегі банктер мұндай мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды.

 

2-сұрақ. Жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелген болса да, оның аударымдары туралы мәліметтер салық органдарына беріле ме?

Жауап:

Иә, дара кәсіпкер ретінде тіркеуінің болуына қарамай, белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін барлық жеке тұлғалар бойынша мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылады.

Себебі бақылау кезінде кәсіпкерлік қызметке арналмаған банктік шотқа түскен ақша қаражаты ескеріледі.

 

 

3-сұрақ. Мемлекеттік кірістер органдары банктерден ақпарат алынғаннан кейін қандай шаралар қолданады?

Жауап:

Екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алынғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары іс-шараларды екі кезеңде жүзеге асырады.

Бірінші кезең – салық төлеушіні хабардар ету.

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 93-бабына сәйкес салық органдары салық төлеушіні кіріс алу белгілерінің бар екендігі туралы хабардар етеді.

Осы мақсатта салық төлеушіге хабарлама (извещение) жіберіледі, ол ақпараттық сипатқа ие және жауап беруді талап етпейді.

Екінші кезең – бақылау шаралары.

Бұдан әрі, негіздер болған жағдайда, мемлекеттік кірістер органдары Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген тәртіппен камералдық бақылау жүргізеді.

Камералдық бақылау нәтижелері бойынша сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 137-бабына сәйкес салық төлеушіге хабарлама (уведомление) жолданады.

Хабарламаны орындау оны табыс еткен күнінен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

 

4-сұрақ. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарлама алған жағдайда салық төлеуші қандай әрекеттерді жүзеге асыруы тиіс?

Жауап:

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 93-бабына сәйкес салық төлеушіге жолданатын хабарлама (извещение) ақпараттық сипатқа ие және жауап беруді талап етпейді.

Жеке тұлға салықтық міндеттемелерді орындау қажеттілігі туралы шешімді дербес қабылдайды.

Хабарлама (уведомление) жолданған жағдайда, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 137-бабына сәйкес салық төлеуші белгіленген мерзімде:

- анықталған алшақтықтармен келіскен жағдайда бұзушылықтарды салықтық есептілікті ұсыну арқылы жоюға;

- келіспеген жағдайда алшақтықтардың себептерін көрсете отырып, қажет болған жағдайда растайтын құжаттарды қоса тіркей отырып, жазбаша түсіндірме ұсынуға міндетті.

Түсіндірме ұсынылмаған немесе ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын растау қажет болған жағдайда салық органы салықтық тексеру жүргізуге құқылы.

 

5-сұрақ. Мобильді аударымдарға салық салына ма?

 Жауап:

Мобильді аударымдардың өзі салық салу объектісі болып табылмайды. Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес жеке тұлғаның кірістері салық салуға жатады.

Егер аударым кіріс болып табылса (мысалы, тауар немесе көрсетілген қызметтер үшін төлем), онда оған салық салынады.

 

6-сұрақ. Қандай жағдайларда аударымдар бойынша қызмет кәсіпкерлік қызмет ретінде танылуы мүмкін?

Жауап:

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 2-бабы 1-тармағына сәйкес кәсіпкерлік – бұл азаматтардың тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған дербес, бастамашылық қызметі.

Егер мобильді аударымдар жүйелі сипатқа ие болып, тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер үшін төлеммен байланысты болса, мұндай түсімдер кәсіпкерлік қызметтен алынған кіріс ретінде танылуы мүмкін.

 

7-сұрақ. Тіркеусіз кәсіпкерлік қызмет үшін қандай жауаптылық қарастырылған?

Жауап:

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабына сәйкес, егер әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысу жеке тұлғаларға он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда, жеке тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

 

8-сұрақ. Салық органдары аударымдарды талдау үшін іріктеуді қалай жүзеге асырылады?

Жауап:

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 698 бұйрығымен бекітілген, белгіленген өлшемшарттарға сәйкестікті іріктеуді және анықтауды екінші деңгейдегі банктер жүзеге асырады.

Өлшемшарттар бір мезгілде орындалған жағдайда (үш ай қатарынан 100 және одан да көп әртүрлі тұлғалардан қаражат түсуі және сомасы 1 020 000 теңгеде асуы) банктер тиісті мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды.

 

9-сұрақ. Туыстар арасындағы аударымдар салық салуға жата ма?

Жауап:

Жоқ, салық салуға жатпайды. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 405-бабына сәйкес (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы редакция), мұндай түсімдер жеке тұлғаның дербес салық салынатын кірістер тізбесіне кірмейді.

 

10-сұрақ. Егер ақша туған күнге, тойға немесе сыйлық ретінде аударылса ше?

 Жауап:

Мұндай аударымдар сыйға тарту болып табылады және жеке сипатқа ие. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 405-бабына сәйкес (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы редакция), олар салық салынатын кіріске жатпайды.

 

11-сұрақ. Егер ата-аналар мектепке немесе балабақшаға ақша жинаған жағдайда?

Жауап:

Мұндай түсімдер бірлескен шығындар (ортақтасып жинау) болып табылады және кіріс ретінде танылмайды.

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 405-бабына сәйкес (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы редакция), бұл сомалар жеке тұлғаның салық салынатын кірістеріне жатпайды.

 

12-сұрақ. Жеке аударымдарды декларациялау қажет пе?

Жауап:

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 405-бабына сәйкес жеке аударымдар жеке тұлғаның дербес салық салынатын кірісіне жатпайды.

 

13-сұрақ. Салық автоматты түрде есептеледі ме?

Жауап:

Жоқ. Салық органдары талдау жүргізеді және негіз болған жағдайда Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 137-бабына сәйкес камералдық бақылау шеңберінде хабарлама жібереді.

 

14-сұрақ. Жеке шотты кәсіпкерлік үшін пайдалануға бола ма?

Жауап:

Жоқ. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 27-бабына сәйкес, дара кәсіпкерлер қызмет жүргізу үшін банктік шот ашуға міндетті.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық банкі 2026 жылдан бастап жеке тұлға жеке шот ашу кезінде оны кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылмайтыны туралы жазбаша растау талабын енгізді.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 110-бабына сәйкес, барлық есеп айырысулар (қолма-қол ақшалай, карта немесе мобильді аударым) бақылау-касса машиналарын қолдану немесе арнаулы мобильді қосымша арқылы жүргізілуі тиіс.

БКМ қолданбаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 284-бабына сәйкес ескертуден қайталап бұзғаны үшін 15 АЕК-ке дейін жауаптылық көзделген.

 

15-сұрақ. Егер маған балаларымнан немесе туыстарымнан тұрақты түрде ақша түссе, салық салына ма?

Жауап:

Жоқ, мұндай аударымдарға салық салынбайды, себебі жеке (отбасылық) сипатқа ие және кәсіпкерлік қызметтен түскен кіріс болып табылмайды.

Бұл ретте іріктеу өлшемшарттарының бірі – әртүрлі жүз және одан да көп тұлғадан аударымдардың түсуі.

Сондықтан отбасы мүшелерінен (шектелген адамдар тобы) түсетін аударымдар көрсетілген өлшемшартқа жатпайды және кәсіпкерлік кіріс ретінде қаралмайды.

 

16-сұрақ. Егер мобильді аударымдарды талдау нәтижесі бойынша маған хабарлама жіберілсе, ол қайда түседі?

 Жауап:

Хабарлама салық төлеушінің жеке кабинетіне жіберіледі. Бұдан басқа камералдық бақылау нәтижелері туралы хабарлама жіберілгені туралы eGov-қа салық төлеушінің жеке кабинетіне хабардар ету жолданады.

 

17-сұрақ. Хабарлама алған жағдайда салық органына бару қажет пе?

Жауап:

Жоқ. Келу талап етілмейді. Жауапты салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы электронды түрде беруге болады. Жауап электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) расталады және заңды күшке ие.

 

18-сұрақ. Хабарламаны орындау мерзімі қандай?

Жауап:

Хабарламаны орындау мерзімі – 30 жұмыс күнін құрайды. Көрсетілген мерзім ішінде салық төлеуші түсініктеме беруі немесе тиісті міндеттемелер болған кезде салықтық есептілікті (декларацияны) ұсынуы тиіс.

Дата публикации
28 апреля 2026
Дата обновления
03 июня 2026
Тип
ТОП сұрақтар-жауаптар

Сейчас читают

ТОП сұрақтар-жауаптар
14 мая 2026
СӘИЖ және ЭШФ туралы 13 ТОП сұрақ-жауаптар
Веб-журнал
13 мая 2026
Веб-журнал 19 шығарылым
Веб-журнал
13 мая 2026
Веб-журнал 20-шығарылым

Социальные медиа

Меню подвал

Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты