
СЭҚ ҚАТЫСУШЫЛАРЫМЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ
2026 жылғы 20 тамызда Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде Департамент басшысының орынбасары Ермек Алгазиевтің төрағалығымен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.
Кездесудің негізгі тақырыбы – тауарларға арналған декларация графаларын толтыру тәртібі.
Іс-шара барысында Департамент қызметкерлері 2010 жылғы 20 мамырдағы Кеден одағы Комиссиясының №257 шешімімен бекітілген Нұсқаулық талаптарын түсіндірді. Атап айтқанда, декларацияның 31-графасында тауардың өндірушісі, тауар белгісі, моделі, артикулы және техникалық сипаттамалары туралы мәліметтерді міндетті түрде көрсету қажеттігі түсіндірілді.
Мәліметтердің толық немесе дұрыс толтырылмауы ТН СЭҚ кодын дұрыс айқындамау және тауардың кедендік құнын төмендету тәуекелдеріне әкелуі мүмкін екені атап өтілді.
Сонымен қатар, кездесуде кедендік ресімдеу барысында туындайтын өзекті және проблемалық мәселелер, сондай-ақ «KEDEN» ақпараттық жүйесінің функционалын жетілдіру бойынша ұсыныстар талқыланды.
🤝 СЭҚ қатысушыларымен ашық диалог – туындайтын мәселелерді жедел шешуге, кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.