
БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2026 жылғы ҚҚС өзгерістері бойынша брифинг өтті
Бүгін Батыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2026 жылғы Салық кодексіне енгізілген қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты өзгерістер тақырыбында брифинг өтті.
Брифингке Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Кунчаев Жунус Рахымович және Департаменттің жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Есенгалиев Сунгат Жексенбаевич қатысты.
Іс-шара барысында спикерлер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Салық кодексіндегі ҚҚС-қа қатысты негізгі өзгерістерге жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, қосылған құн салығының мөлшерлемелері, ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою шегінің өзгеруі, салықты есептеу мен төлеу тәртібі, сондай-ақ жекелеген салаларға қатысты салық салу ерекшеліктері түсіндірілді.
Сонымен қатар, электрондық шот-фактураларды рәсімдеу тәртібі, салық төлеушілердің міндеттемелері және жаңа талаптарды іс жүзінде қолдану мәселелері кеңінен баяндалды.
Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қолданыстағы салық заңнамасының жаңа нормалары бойынша толыққанды жауаптар алды.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді заңнамадағы өзгерістер туралы уақтылы хабардар ету және жаңа нормаларды дұрыс қолдануға жәрдемдесу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырады.