
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 12 маусымдағы №311-VIII Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заңның басты жаңалықтарының бірі — пара алу мен пара беру үшін ғана емес, сонымен қатар пара беруге уәде бергені, ұсынғаны немесе пара талап еткені үшін де қылмыстық жауапкершілікті енгізу болмақ.
Түзетулермен мүдделер қақтығысының алдын алудың толыққанды механизмі де енгізілуде. Мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға лауазымдық өкілеттіктерін жеке мүдделеріне пайдалануға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, жеке мүдделерді декларациялау міндеті белгіленіп, мүдделер қақтығысы туындаған кездегі іс-қимыл тәртібі айқындалады.
Заңмен туыстар мен байланысы бар тұлғалардың бірге қызмет етуіне қойылатын шектеулер күшейтіледі. Шектеулер тек тікелей бағыныстылыққа ғана емес, сонымен қатар жанама ықпал ету, ішкі бақылау және кадрлық қолдау жағдайларына да қолданылатын болады. Атап айтқанда, бір ведомствода басшының жақын туыстарына, соның ішінде жиендеріне, қайынағалары мен қайын інілеріне (бажаларына, қайын жұртқа) және күйеу балаларына жұмыс істеуге тыйым салынады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын тұлғалар шеңбері де кеңейтілуде. Оның құрамына квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, сондай-ақ бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобалардың қатысушылары кіреді.
Бөлек нормамен мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы кадрлық процестерді бірыңғай цифрлық форматқа көшіруді көздейтін «Е-қызмет» цифрлық кадрлық жүйесінің жұмысы бекітіледі.
Сондай-ақ, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда заңсыз сыйақы алғаны үшін жауапкершілік қатаңдатылады, заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілігі артады және жеке тұлғалар үшін әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша ескіру мерзімі бір жылдан үш жылға дейін ұзартылады.
Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғалар үшін шектеулер нақтыланады. Жұмысқа орналасуға өмір бойына тыйым салу мемлекеттік функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға қолданылатын болады.