Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерден келетін контрагенттермен өзара іс-қимыл жасау кезіндегі салықтық әкімшілендіру ерекшеліктері туралы ақпараттық хабарлама
Салық төлеушілердің назарына! 2026 жылғы Салық кодексінің нормаларының қолданысқа енгізілуіне байланысты, жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде (офшорлық аймақтарда) тіркелген тұлғалармен операциялар жасау кезінде арнайы талаптар мен шектеулер белгіленеді.
- Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерге жатқызу критерийлері Шетелдік мемлекет немесе аумақ мынадай шарттардың біріне сәйкес келген кезде жеңілдікті салық салынатын мемлекет деп танылады:
- пайдаға салынатын салықтың белгіленген ставкасы 10 пайыздан кем болса;
- мүліктің немесе табыстардың нақты иелері туралы құпияны сақтауға мүмкіндік беретін қаржылық ақпараттың құпиялылығы туралы заңдардың болуы;
- Қазақстан Республикасының уәкілетті органымен ақпарат алмасудың болмауы (жазбаша бас тарту немесе екі жылдан астам уақыт бойы мәліметтерді ұсынбау). Мұндай мемлекеттердің тізбесін уәкілетті орган бекітеді. (ҚР Қаржы министрінің 12.09.2025 жылғы № 492 бұйрығы).
- Төлем көзінен салық салу тәртібі Жеңілдікті мемлекеттерде тіркелген резидент еместерге табыс төлеу кезінде мынадай қағидалар қолданылады:
- Жоғарылатылған ставка: Табыстарға төлем көзінен 20 пайыз ставка бойынша табыс салығы салынады.
- Аумақтық қағидат: Мұндай тұлғалар үшін Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыс ретінде жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету үшін төлемдер, олардың нақты орындалған жеріне қарамастан танылады.
- Жеңілдіктерді шектеу: Салық салудан босату туралы халықаралық шарттардың ережелері, егер алушы табыстың түпкілікті (іс жүзіндегі) иесі болмаса, қолданылмайды.
- Шығыстарды шегерімге жатқызу бойынша шектеулер Қазақстан Республикасының резиденттері үшін офшорлық аймақтардан келетін өзара байланысты тараптармен жасалатын операциялар бойынша шегерімдерге қатаң лимиттер белгіленген:
- Басқарушылық, консультациялық, аудиторлық, заңгерлік, жарнамалық және бірқатар басқа да қызметтер бойынша шығыстар, сондай-ақ роялти, салық салынатын табыстың 3 пайызынан аспайтын мөлшерде шегерімге жатқызылады.
- Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде төленген салықтар Қазақстан Республикасында шегерімге жатпайды.
- Мүліктің құнын анықтаудың ерекше тәртібі Жеңілдікті салық салынатын мемлекетте құқықтары немесе олар бойынша мәмілелері тіркелген немесе мұндай мемлекетте сатып алынған активтерді (бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін, жылжымайтын мүлікті) өткізу кезінде олардың бастапқы құны нөлге тең деп танылады. Бұл жағдайда сатып алу шығындарын шегерместен, өткізудің бүкіл сомасына салық салынады.
- Бақыланатын шетелдік компаниялар (БШК) Резидент емес заңды тұлға немесе ұйымдастырудың өзге де нысаны, егер ол жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген болса, автоматты түрде БШК деп танылады. Мұндай компанияларға қатысты:
- Қаржылық пайданы салық салудан босату туралы ережелер қолданылмайды.
- БШК пайдасы резиденттің салық салынатын табысына қосылады және заңды тұлғалар үшін 20 пайыз ставка бойынша немесе жеке тұлғалар үшін прогрессивті шәкілге сәйкес салық салынады.
- Жеңілдікті мемлекеттердегі БШК-ның залалдары ескерілмейді және жиынтық пайданы азайтпайды.
Ұсынымдар: Кәсіпкерлік субъектілеріне шетелдік контрагенттермен мәмілелерді құрылымдау кезінде тиісті тексеру жүргізу және салықтық тәуекелдерді барынша азайту үшін серіктестің тіркелген елін жеңілдікті салық салынатын мемлекеттердің бекітілген тізбесінен алдын ала тексеру ұсынылады.