«Оңалту және банкроттық туралы» және «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер (08.04.2026ж.)

«Оңалту және банкроттық туралы» және «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер (08.04.2026ж.)

2026 жылғы 16 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды (түзетулер 2026 жылдың 19 наурызынан бастап күшіне енді).

Көрсетілген Заң «Оңалту және банкроттық туралы» (бұдан әрі – Заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң) және «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» (бұдан әрі – Азаматтардың банкроттығы туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулерді көздейді.

 

Заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заңға түзетулер келесіні:

- банкроттықты басқарушының қосымша сыйақысын есептеуді қайта қарауды (13-баптың 3-тармағы);

- уәкілетті органның өкілеттігін уақытша басқарушыны қызметінен шеттету функциясымен толықтыруды (15-баптың 3) тармақшасы); 

- кредиторлар жиналысы/комитеті отырысы туралы кредиторларды хабарландыру тәсілдерін кеңейтуді (25-баптың 1-тармағы және 27-баптың                               4-тармағы);  

- алдындағы бас тартудан кейін банкрот деп тану туралы өтінішпен қайта жүгіну мерзімін белгілеуді (48-баптың 1-1-тармағы);

- салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша кредитордан басқа өзге кредиторлар болмаған жағдайда оңалту рәсімін қолдануға жол бермеуді (63-бап);

- банкроттық рәсімнің мерзімі қайта ұзартылғаннан кейін төлеуге жататын әкімшілік шығыстар бойынша нақтылауды (84-баптың 1-тармағы);

- банкроттықты басқарушыларға заңды тұлғаны қайта тіркеуді жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгіну құқығын беруді және сотқа қорытынды есеп пен тарату балансын ұсыну мерзімін анықтауды (89-баптың 1-тармағының                                        5) тармақшасы және 2-тармағы);

- банкроттың мүлкін тікелей сату кезінде кредиторлар жиналысының өкілеттілігін анықтауды (99-баптың 6-тармағы) қамтиды. 

Аталған заңнамалық түзетулерді іске асыру заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді талап етпейді. Демек, олар күшіне енген күнінен, яғни 2026 жылдың 19 наурызынан бастап қолданылады. 

 

Азаматтардың банкроттығы туралы заңға түзетулер келесіні:

ломбардтардың соттан тыс банкроттық рәсімі кредиторларынан алып тасталуын;

жиынтық берешегі 1 600 АЕК аспайтын және міндеттемелерін орындамау мерзімі бес жылдан асатын борышкерге қатысты соттан тыс банкроттық рәсімінің жүргізілу мерзімі 1 (бір) айға  қысқартылатынын көздейді.

 

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда және түсіндірме алу үшін Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасына Талдықорған қаласы, Ілияс Жансүгіров 113 көшесі, 324 кабинетке келіп немесе келесі байланыс нөмірлері арқылы қоңырау шалуға болады - 8 (7282) 241221.