ҚАНДАЙ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖАТАДЫ?

ҚАНДАЙ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖАТАДЫ?

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға келесі іс-әрекеттерді жатқызады:

Жеке тұлғалардың мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға немесе оларға теңестірілген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер немесе қызметтер ұсынуы, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса (676-бап) — 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаның немесе оған теңестірілген тұлғаның жеке өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер немесе қызметтер алуы, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса (677-бап) — 600 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Заңды тұлғалардың мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға немесе оларға теңестірілген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер немесе қызметтер ұсынуы, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса (678-бап) — 750 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған дәл сондай әрекеттер — 1500 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңнамада жүктелген функциялардан тыс кәсіпкерлік қызметпен айналысуы немесе белгіленген қаржыландыру көздерінен бөлек материалдық игіліктер мен артықшылықтар алуы (679-бап) — осы ұйымдардың басшыларына 600 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Мемлекеттік органдардың, ҚР Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының басшыларының немесе жауапты хатшыларының өз өкілеттіктері шегінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға кінәлі бағынысты тұлғаларға қатысты шаралар қолданбауы немесе тиісті ақпаратты тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына бермеуі (680-бап) — 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Мемлекеттік органдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың немесе ұлттық компаниялардың басшыларының жұмысқа бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларды қабылдауы (681-бап) — 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.