
Панфилов ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында салық төлеушілер үшін Ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – 2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі ережелері мен өзгерістерін жан-жақты түсіндіру болды.
Іс-шараға жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары, бухгалтерлер және қызметі салық саласына тікелей байланысты басқа да мамандар қатысты. Қатысушыларға жаңа кодекстің бизнес жүргізу шарттарына әсері, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету шаралары, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жаңалықтар туралы ақпарат берілді.
Мамандар заңнамадағы негізгі өзгерістерге жеке тоқталып, олардың кәсіпкерлік қызметке оң әсерін атап өтті. Сондай-ақ есептілікті тапсыру тәртібін жеңілдету, электрондық қызметтердің мүмкіндіктерін кеңейту және салықтық жүктемені оңтайландыруға бағытталған нормалар түсіндірілді.
Қатысушылар жаңа нормаларды қолдану бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби түсініктемелер алды.
Осындай кездесулердің өткізілуі салық төлеушілердің ақпараттандырылуын арттырып, алдағы өзгерістерге алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді және салық заңнамасын дұрыс әрі тиімді қолдануға ықпал етеді.