Мемлекеттік кірістер комитеті «Нұр жолы» өткізу пунктіндегі жағдай туралы хабарлайды

Мемлекеттік кірістер комитеті «Нұр жолы» өткізу пунктіндегі жағдай туралы хабарлайды

  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Нұр жолы» өткізу пункті алдында шамамен 1500 жүк автокөлік құралының уақытша жиналғаны туралы хабарлайды.

      2025 жылғы 22 қазанда Үрімжі қаласында өткен Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының шекара маңы кеден органдары басшыларының кездесуі барысында қытай тарапы тәулігіне кемінде 800 автокөлік құралын қабылдауға, сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті кезең-кезеңімен тәулігіне 1000 бірлікке дейін ұлғайтуға келісімін білдірді.

      Осы келісімдерге сәйкес тасымалдау үдерісінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін Электрондық кезек жүйесіндегі (ЭКЖ) лимиттер ұлғайтылған болатын.

      Алайда, 2025 жылғы 8–12 қараша аралығында қытай тарапы нақты қабылдаған автокөліктер саны тәулігіне орта есеппен 700–750 бірлікті құраған, бұл қазақстандық тараптағы автокөлік құралдарының уақытша жиналуына негізгі себеп болды.

      Сонымен қатар, «Қалжат» – «Дулаты» (ҚХР) іргелес өткізу пунктінде шамамен бір апта бойы инспекциялық-тексеру кешенінің монтаждау жұмыстары жүргізілді. Аталған кезеңде бұл бағыттың өткізу қабілеті шектеулі болып, көліктер ағынының бір бөлігі «Нұр жолы» пунктіне қайта бағытталды. Бұл инфрақұрылымға қосымша жүктеме түсірді.

     Жағдайды тұрақтандыру мақсатында 2025 жылғы 13 қарашадан бастап ЭКЖ автокөлік жіберу лимиті тәулігіне 650 бірлік көлемінде оңтайландырылатын болады. Бұл ағынды біркелкі бөлуге және өткізу операцияларының тұрақты жүргізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Бұл жағдай Мемлекеттік кірістер комитетінің тұрақты бақылауында. Қытай тарапының өткізу қабілетін арттыру бойынша келіссөздер белсенді жүргізілуде, өзара түсіністікке қол жеткізілді.

      Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға көрсеткен түсіністігі және қолдауы үшін алғыс білдіреді.