Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2019 жылғы шілдеден бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті жеткізушінің «қаржылық тұрақтылығы» ұғымы енгізілгенін еске салады. Бұл көрсеткіш компанияның тұрақтылығын және сырттан ресурстар тартпай өз міндеттемелерін орындау мүмкіндігін көрсетеді.
Қаржылық тұрақтылық қалай есептеледі
Қаржылық тұрақтылықты есептеу мемлекеттік кірістер органдары ұсынатын мынадай деректер: кірістер, төленген салықтар, негізгі құралдардың құны және еңбекақы төлеу қоры негізінде мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде есептеледі.
Бұл мәліметтер жылына бір рет — оларды қолданудың жылдың алдындағы жылғы 1 қазанға дейін жаңартылады. Мысалы, 2025 жылғы сатып алуларға қатысу үшін 2024 жылғы 1 қазанға дейін көрсетілген 2023 жылғы деректер, сондай-ақ күнтізбелік жыл, яғни 2023 жыл ішінде төленген салықтар есепке алынады.
2025 жылдан бастап негізгі өзгерістер.
2025 жылдан бастап күшіне енген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 68-тармағына сәйкес қаржылық тұрақтылық көрсеткішін ұлғайтатын түзетулер, тіпті егер олар қателерге немесе нақтылауға негізделген болса да қабылданбайды. Бұл мынаны білдіреді:
- есептілікті кеш тапсыру және салықты өткен күнмен төлеу қаржылық тұрақтылыққа әсер етпейді;
- көрсеткішті арттыруға бағытталған түзетулер ескерілмейді;
- барлық төлемдер тиісті есепті жылы жүзеге асырылуы тиіс.
Әлеуетті өнім берушілерге арналған ұсынымдар:
Салық есептілігін уақытылы тапсырып, салықтарды дер кезінде төлеңіз;
Мемлекеттік сатып алу веб-порталындағы жаңартуларды бақылап отырыңыз;
Қаржылық тұрақтылықты есептеуге әсер ететін барлық деректердің өзекті әрі дұрыс екеніне көз жеткізіңіз.
Осы шаралар Сіздің мемлекеттік сатып алуға қатысуға дайын болуыңызды қамтамасыз етеді және тапсырыс берушілер тарапынан сенімділікті арттырады.
Қаржылық тұрақтылық туралы барлық мәлімет ашық түрде және барлық қатысушылар үшін бірдей қалыптастырылады. Бұл адал бәсекелестікті қамтамасыз етеді және салық төлеушілерді өз міндеттемелерін уақытылы орындауға ынталандырады.