КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫНА САЛЫНАТЫН САЛЫҚ
Жеңіл автомобильдер бойынша көлік салығын есептеу тәртібі өзгертілді. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көлік құралдарына 0,7 түзету коэффициенті, ал 20 жылдан асқан көлік құралдарына 0,5 түзету коэффициенті қолданылады.Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін бір шаруа немесе фермер қожалығына жүк тасымалдауға арналған платформасы және жүк бөлігінен қатты стационарлық қалқамен бөлінген жүргізуші кабинасы бар бір жеңіл моторлы көлік құралы (пикап автокөлігі) бойынша көлік салығын төлеуден босату көзделген.
Көлік құралдарын олардың түріне (пикаптар, жол талғамайтын көліктер, лимузиндер, фургондар) қарай санаттарға жатқызу нормасы алынып тасталды. Көлік құралдарының санаты көлік құралын басқару құқығының санатына (A, B, C, D) сәйкес айқындалатын болды.
Қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстан Республикасында өндірілген (дайындалған немесе құрастырылған) немесе Қазақстан Республикасының аумағына 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін әкелінген жеңіл автомобильдер үшін белгіленген мөлшерлемелер алып тасталды.
Заңды тұлғалардың көлік құралдары салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін (салық есептілігін) ұсыну міндеті алынып тасталды. Салық төлеуші тек салық кезеңінің қорытындысы бойынша декларацияны ұсынып, соған сәйкес төлем жүргізетін болады.
ЖЕР САЛЫҒЫ
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің жер салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін (салық есептілігін) ұсыну міндеті алынып тасталды. Салық төлеуші тек жылдың қорытындысы бойынша декларацияны ұсынып, тиісті төлемді жүзеге асырады.
Елді мекендердің шекаралары өзгерген жағдайда, елді мекен шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланған кезде, олар бойынша салық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге белгіленген мөлшерлемелер бойынша есептелетіні туралы норма енгізілді.
Мақсатына сай пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша жер салығының базалық мөлшерлемелері жер заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою туралы нұсқама жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушысына тапсырылған күннен бастап қырық есеге ұлғайтылады.
МҮЛІК САЛЫҒЫ
Егер салық міндеттемесінің сомасы 300 АЕК-тен аспаса, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін ұсыну міндеті жойылды. Төлем сомасы 300 АЕК-тен төмен болған жағдайда, салық төлеуші жыл қорытындысы бойынша бір рет қана декларация ұсынып, тиісті төлемді жүргізеді.
Ғимараттар мен құрылыстар бойынша салық салу базасы бухгалтерлік есеп деректері негізінде айқындалатын салық салу объектілерінің орташа жылдық баланстық құны болып табылады, оның ішінде жүргізілген мүлікті қайта бағалау ескеріледі.
Бұл ретте мүлікті қайта бағалау кемінде әрбір үш жылда бір рет жүргізілуге тиіс.