
Салық органдары салық төлеуші - заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның салықтық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.
Салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларының бірі дебиторлар шоттарынан салықтық берешекті өндіріп алу болып табылады.
Тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес тәуекел деңгейі жоғары немесе орташа санатқа жатқызылған салық төлеушiде (салық агентінде) банктік шоттар болмаған жағдайда, банктік шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алынғаннан кейін салықтық берешек өтелмеген кезде салық органы түзілген салықтық берешек шегiнде салық төлеушiге (салық агентіне) берешегi бар үшiншi тұлғалардың (бұдан әрi - дебиторлардың) банктік шоттарындағы ақшаға өндіріп алуды қолданады.
Дебиторлар тiзiмi ұсынылмаған жағдайда, салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) дебиторларын анықтау мақсатында салық органдарының ақпараттық жүйелерінің деректерін пайдалануға, сондай-ақ салық төлеуші (салық агенті) мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуларды айқындау мәселесі бойынша салық төлеушiге (салық агентіне) тексеру жүргiзуге құқылы.
Салық төлеушi (салық агенті) ұсынған дебиторлар тiзiмiнiң және (немесе) салық органдарының ақпараттық жүйелерінен алынған дебиторлар туралы мәліметтердің және (немесе) дебиторлық берешек сомасын растайтын салық төлеушіні (салық агентін) тексеру актiсiнiң негiзiнде салық органы дебиторларға салық төлеушiнiң (салық агентінің) салықтық берешегін өтеу есебіне олардың банктік шоттарындағы ақшаға дебиторлық берешек сомалары шегiнде өндiрiп алуды қолдану туралы хабарлама жiбередi.
Дебиторлар хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күнiнен кешiктiрмей, хабарламаны жiберген салық органына хабарламаны алған күнге салық төлеушiмен (салық агентімен) бiрлесiп жасалған өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiн қағаз немесе электрондық жеткізгіште ұсынуға мiндеттi.
Салық төлеушi мен оның дебиторының арасындағы өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiнде мынадай мәлiметтер:
1) салық төлеушi (салық агенті) мен оның дебиторының атауы, олардың сәйкестендіру нөмiрлерi;
2) дебитордың салық төлеушi (салық агенті) алдындағы берешегінің сомасы;
3) салық төлеушi (салық агенті) мен оның дебиторының заңдық деректемелерi, мөрi (ол болған кезде) және қолтаңбалары не салық төлеушi мен оның дебиторының электрондық цифрлық қолтаңбалары;
4) бюджетке берешекті өтеу туралы хабарлама алынған күннен бұрын болмауға тиіс салыстырып-тексеру актiсiнiң жасалған күнi қамтылуға тиiс.
Дебиторлар өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiн көзделген мерзiмде ұсынбаған жағдайда, салық органы көрсетілген дебиторларға салықтық тексеру жүргiзеді.
Өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актісінің немесе дебиторлық берешек сомасын растайтын дебиторды тексеру актісінің негізінде салық органы дебитордың банктік шоттарына салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегі сомасын өндіріп алу туралы инкассалық өкімдер шығарады.
Дебитор мен салық төлеушi (салық агенті) арасындағы өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiнде көрсетiлген дебиторлық берешек өтелген жағдайда, салық төлеушiнiң (салық агентінің) салықтық берешегі сомасын өндiрiп алу туралы дебитордың банктік шоттарына шығарылған инкассалық өкiмдер дебитор немесе салық төлеушi (салық агенті) салық органына мұндай берешектiң өтелгенiн растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiн ұсынған күннен кейінгі бір жұмыс күнi iшiнде керi қайтарып алуға жатады.
Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегін осы бапта айқындалған тәртіппен оның дебиторларының шоттарынан өндіріп алу тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес дебитор жатқызылған тәуекел деңгейіне қарамастан жүзеге асырылады.
Салық төлеуші, мемлекеттік кірістер органдарының және олардың лауазымды адамдарының заңды талаптарын орындамаған жағдайда, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады.