Кедендік транзит мерзімі

Кедендік транзит мерзімі

Кедендік транзит кедендік рәсімі тауарларды осы кедендік рәсіммен орналастыру шарттары сақталған кезде тауарлар жөнелтуші кеден органынан межелі кеден органына дейін кедендік баждар, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленбестен тасымалданатын (тасылатын) кедендік ресім болып табылады.

         Кедендік транзит кедендік рәсімі:

      1) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша өзге де кедендік рәсімдермен орналастырылмаған шетелдік тауарларды, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың:

      Комиссия айқындайтын жағдайларда экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған;

       осы Кодекстің 287-бабының 8-тармағында көзделген жағдайда, АЭА бір аумағынан АЭА басқа аумағына тасымалданатын, еркін кеден аймағы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларын тасымалдау (тасу) үшін;

       2) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары мен осы Кодекстің 385-бабының 4-тармағында көрсетілген шетелдік тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы арқылы және (немесе) теңізбен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының бір бөлігінен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының басқа бөлігіне тасымалдау (тасу) үшін қолданылады.

         Кедендік транзит кедендік рәсімі тауарларды:

      1) келу орнындағы кеден органынан кету орнындағы кеден органына дейін;

      2) келу орнындағы кеден органынан ішкі кеден органына дейін;

      3) ішкі кеден органынан кету орнындағы кеден органына дейін;

      4) бір ішкі кеден органынан басқа ішкі кеден органына дейін;

    5) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағы арқылы және (немесе) теңізбен кеден органдары арасында тасымалдау (тасу) кезінде қолданылады.

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 224 бабына сәйкес (бұдан әрі – Кодекс), жөнелтуші кеден органы тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарлар жөнелтуші кеден органынан межелі кеден органына дейін жеткізілуге тиіс мерзімді (бұдан әрі – кедендік транзит мерзімі) белгілейді.

 Теміржол көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты кедендік транзит мерзімі бір айға екі мың километр есебінен белгіленеді, бірақ ол күнтізбелік жеті күннен кем болмауға тиіс.

        Көліктің өзге де түрлерімен тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын тауарларға қатысты кедендік транзит мерзімі көліктің түрі және көлік құралының мүмкіндіктері, тауарлар тасымалдаудың белгіленген маршруты, басқа да тасымалдау шарттары және (немесе) декларанттың немесе тасымалдаушының өтініші негізге алына отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес көлік құралы жүргізушісінің еңбек пен демалыс режимінің талаптары ескеріле отырып, тауарлар тасымалдаудың (тасудың) қалыпты мерзіміне сәйкес белгіленеді, бірақ ол кедендік транзиттің шекті мерзімінен аспауға тиіс.

Кедендік транзиттің шекті мерзімі бір айға екі мың километр есебінен айқындалатын мерзімнен не кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды тасымалдау ерекшеліктерін негізге ала отырып, Комиссия айқындайтын мерзімнен аспауға тиіс.

Кеден органы белгілеген кедендік транзит мерзімі декларанттың немесе тасымалдаушының уәжді өтініш жасауы бойынша осы бапта белгіленген мерзімнің шегінде ұзартылуы мүмкін.

         Кедендік транзит мерзімін ұзартуға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін Комиссия айқындайды.

 

                                              ШҚО бойынша МКД «Бахты» кеден бекетінің

                                                       жетекші маманы Б.М. Бутабаев