
2026 жылғы 24 қыркүйекте Өскемен қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының акт залында «Салық және кеден заңнамасының өзекті мәселелері» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері, салық төлеушілер, бизнес өкілдері, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, консалтингтік компаниялардың өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – салық төлеушілердің салық және кедендік әкімшілендірудің өзекті мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру, сондай-ақ салық міндеттемелерін орындау тәртібін түсіндіру.
Семинарды Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қойшинов Қазыбек Қадесұлы кіріспе сөзбен ашты.
Іс-шара барысында Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары салық салу және кедендік әкімшілендіру саласындағы бірқатар өзекті мәселелер бойынша түсіндірме берді.
Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап қосылған құн салығы бойынша есепке қою мәселелері қаралды. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі тауарларға қатысты тыйымдар мен шектеулер туралы ақпарат ұсынылды.
Жеке заң практикасымен айналысатын тұлғалардың табыстарына салық салу мәселелеріне, сондай-ақ камералдық бақылау нәтижелері бойынша жеке табыс салығына қатысты анықталған алшақтықтар туралы хабарламаларды жолдау тәртібіне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, мамандар жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтарын төлеу мерзімдері мен тәртібін түсіндірді.
Семинарға қатысушыларға салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегін оның дебиторларының шоттарынан өндіріп алу тәртібі туралы да ақпарат берілді.
Іс-шара соңында «Сұрақ-жауап» форматында пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарынан нақты жауаптар алды.
Мұндай семинарларды өткізу халық пен бизнес өкілдерінің салықтық сауаттылығын арттыруға, салық заңнамасы талаптарын біркелкі түсінуге, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары мен салық төлеушілер арасында сындарлы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етеді.
Семинар Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қойшинов Қазыбек Қадесұлының қорытынды сөзімен аяқталды.